A+ A A-

talgatzhan 41 19-06-2025, 11:00 0

Сауда сахнасындағы сапа салғырттықты ысырып, Медина Мақсатқызының кәсібіне бағдар беріп тұр

Бүгін / Сұхбат / Басты

Қазір кез келген адамның өмірінде кәсіптің алар орны ерекше. Адал еңбек пен маңдай тердің арқасында табысқа жеткен жандардың өмір жолы – көпке үлгі. «Кәсібі бардың нәсібі бар» деген халық даналығы осыны меңзейді. Бүгінде өңірде кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың қатары көбейіп келеді. Олар жаңа идеяларымен, батыл қадамдарымен ел экономикасына серпін беріп қана қоймай, өз ісінің шебері ретінде өмірге жаңаша көзқараспен қарауды үйретеді. Солардың бірі – өскемендік Медина Мақсатқызы. Газет тілшісі қауырт еңбекке қазірден кіріскен жерлесіміздің кәсібі туралы сұхбаттасқан еді.

Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз...

– Есімім Медина Мақсатқызы. 19 жастамын. Өскемен қаласында тұрамын. Қазіргі уақытта жеке кәсіппен айналысамын.


– Кәсібіңізді қалай бастадыңыз?

– Mediuin Brand әйелдер киімі дүкені. Жақында кәсіп бастағаныма 2 жыл толды. Бұл менің балалық шақтан келе жатқан арманым десем де болады. Арман бар жерде мақсат та бар демекші, сол мақсатымды 2023 жылдың жазында онлайн дүкен ашу арқылы жүзеге асырдым. Ал 3 айдан кейін бірінші дүкенімді іске қостым. Қазір «Әлем» сауда үйінде екі дүкенім жұмыс істеп тұр.

Кәсіпке деген қызығушылық қалай басталды?

– Көбі білмейді, алайда мен 12 жасымнан бастап жұмыс істеймін. Алғаш рет «Киімдер әлемі» дүкенінде сатушы болдым. Кейін тек сатылым саласында жұмыс істедім. Маған жылдам сату және жақсы табыс табу ұнайды. Сол уақытта қанша ақша табуға болатынын көрдім және бір күні міндетті түрде жеке кәсіпкер атанамын деген шешім қабылдадым.

Кәсіп бастауда қандай қиындықтар кездесті?

– Бизнесті бастағанда екі негізгі қиындыққа тап болдым. Жақсы тауармен қамтамасыз етуші табу қиынға түсті. Себебі мен үшін сапа өте маңызды. Екіншісі – жақсы орын табу. Халық көп келетін, ыңғайлы жер іздедім. Алайда бірінші дүкенімді адам аз жүретін жерде аштым. Еңбектің және сату саласында жинақталған тәжірибемнің арқасында бір жылдың ішінде осы орынды бизнесім үшін өте тиімді нүктеге айналдырдым.

Сізге кәсібіңізде немесе күнделікті өмірде не шабыт береді?

– Шабыт бірде келеді, бірде кетеді. Менің ойымша, адам өмір бойы шабыттың артынан жүреді. Ал мені арман-мақсаттарым шабыттандырады. Сол арқылы жұмыс істеп, ойда жүрген мақсаттарыма жетемін.

Қолға алған ісіңіздің ерекшелігі неде?

– Байқасаңыздар, біздің логотипте әйел адам мен арыстанның бейнесі көрсетілген. Бұл үйлесім ішкі күшті, нәзіктікті және еркіндікті білдіреді. Яғни, кез келген әйел өзін еркін, күшті, әдемі әрі нәзік сезіну керек.

Сатылымдағы киімдер қай жақтан келеді?

– Жаным әдемілікті сүйетіндіктен қыз-келіншектерге әдемі, сапалы, эксклюзивті киімдерді ұсынамын. Түркия, Корея елдерінің сапалы әрі сәнді тауарларын алдыртамын.

Кәсіп бастағысы келіп жүргендерге қандай кеңес бересіз?

– Өзіңіз жақсы көретін, жаныңыз қалайтын бағытқа бет бұрып, кәсіп бастау керек. Ақшаның соңынан еріп, бейтаныс салада кәсіп ашсаңыз, дағдарысқа ұшырап, жабылуы мүмкін. Екіншіден, кәсіпті несиесіз, қарызсыз ашқан жөн. Себебі оның жүріп кетуіне, не жүрмеуіне ешқандай кепілдік жоқ. Егер кәсібіңіз жүрмей қалса, қарызыңыздың орны толмай қалады. Кәсіп ашып, оны жүргізу біршама қиын. Оның артында қаншама ұйқысыз түн мен уайым, қорқыныш пен қиындық жатыр. Ең бастысы іске деген ұқыптылық және махаббат.

Сұхбатыңызға рахмет!

– Өзіңізге де көп рахмет! Кәсібіміз де, нәсібіміз де адал болғай!

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Фотосурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив