Бүгін татар халқының тамаша дәстүрі – Сабантой ұлттық мейрамы кең көлемде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған мереке жоғары деңгейде өтіп, алыс-жақыннан келген қонақтар көтеріңкі көңіл күймен қарсы алынды.
Шараға Татарстан Республикасынан, Шемонаиха және Семей қалаларынан арнайы келген өнерпаздар қатысып, өз өнерлерін паш етті. Көпшілікке ерекше әсер қалдырған думанды тойдың басты мақсаты – тұрғындарға қуаныш сыйлап, татулық пен бірлікті нығайту.
– «Сабантой» сөзі татар тілінен аударғанда «жер жыртар алдындағы мереке» деген мағына береді. Бұл – еңбекке деген құрметтің, береке мен бірліктің символы. Осындай ауқымды мейрамда өнер көрсету – мен үшін үлкен мәртебе. Баршаға шат-шадыман көңіл күй тілеймін, – деді өнерпаз Рамина Рафисова.
Ал мереке қонақтарын шын жүректен қарсы алған ұйымдастырушылардың бірі Санбаевa Дильбар былай деді:
– Құрметті достар, татар халқының Сабантой мейрамына келіп, ортақ қуанышқа куә болғандарыңызға зор ризашылығымды білдіремін. Бұл мереке – тек татар халқы үшін емес, барша жұртты бір алаңға тоғыстыратын, ұлт пен ұлысты ұйыстыратын ұлы той.
Сабантой – достық пен татулықтың мерекесі. Өнер мен ұлттық құндылықтар тоғысқан бұл күн Өскемен жұртшылығына ерекше көңіл күй сыйлауда.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Пікірлер