Еліміздің биоалуантүрлілігін сақтау үшін 6 жаңа табиғат қорғау мекемесі құрылмақ. Бұл жайында Экология және табиғи ресурстар министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
- Биоалуантүрлілікті сақтау және оның құрамдастарын орнықты пайдалану жөніндегі қызметті ынталандыру үшін жағдайлар мен шаралар жасау, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық экологиялық ұйымдарға мүшелігі аясындағы міндеттемелерін ескере отырып, елдегі генетикалық ресурстарды пайдаланудан түскен пайданы әділ және тең құқылы бөлу мақсатында Қазақстан Республикасында биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану жөніндегі 2025-2035 жылдарға арналған тұжырымдама жобасы әзірленіп жатыр, - деді министрліктен агенттік сауалына орай.
Министрлік бұл тұжырымдама елімізде биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалануға бағытталған 2025-2035 жылдарға арналған жоспар саналатындығын атап өтеді.
- Тұжырымдама жобасында Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктер түрлерін сақтау, өсімін молайту мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ауданын ел аумағының 12,5 пайызына дейін жеткізу жоспарланған. Бұл 6 жаңа табиғат қорғау мекемесін құруды және 3 мекеменің – Үстірт қорығы, Ақжайық және Каспий итбалығын сақтау резерваттарының аумақтарын кеңейтуді көздейді, - деді ведомстводан.
Пікірлер