Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
- Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет. Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс. Мемлекеттік аппарат пен бүкіл қоғам жұмылып жұмыс істесе, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Озық ойлы ұлт болу үшін әдептілік, өзара құрмет, ұстамдылық, сыпайылық сияқты қасиеттерді барынша дәріптеген жөн. Азаматтарымыз әдеп пен заңды мәжбүрлікпен емес, саналы түрде сақтауы керек. Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты қатерлердің тамырына балта шабылады. Біз былтыр Ұлттық құрылтайда осы әлеуметтік кеселдермен ымырасыз күрес мәселесін талқыладық, - деді ол.
Оның айтуынша, өскелең ұрпақтың бойына жасампаздық қасиеттерді сіңіріп, оларды тәртіпке баулу қажет. Бұл – ата-аналар мен білім беру жүйесінің ортақ міндеті. Балалар қоғамдық құндылықтардың мән-мағынасын ұстазынан үйренеді.
Олардың мінез-құлқы негізінен мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан Үкімет білім мекемелеріндегі тәрбие жұмысын қайта зерделеп қарауы керек. Жас ұрпақты заңды сыйлауға үйрету мәселесіне баса мән берген жөн. Балалар мектептен «Адал азамат» болып шығуы қажет.
- Заң және тәртіп» қағидаты жауапкершілікті сезіну мәдениетімен тығыз байланысты. Елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны жүріп жатқанын білесіздер. Бұл маңызды бастама халықтың кең қолдауына ие болды. «Таза Қазақстан» – озық ойлы қоғам құруға арналған идеологиялық тұғырнаманың ажырамас бөлігі. Бұл – тек қоршаған ортаның тазалығын емес, ой мен сана тазалығын сақтау деген сөз. Себебі қоғамдық әдеп пен заңға деген құрмет айналадағы тазалықтан басталады. Жалпы, халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге жан-жақты қараған жөн. Бүгін мен «Заң және тәртіп» апталығын жариялауды ұйғардым. Осы апта қоғамда заң мен тәртіпті насихаттау аптасы болмақ. Алдағы жеті күн құқықтық мәдениетті нығайтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының абырой-беделін арттыруға арналуы керек. Алайда, бұл бір реттік акция емес. «Заң және тәртіп» апталығына азаматтардың құқықтық сана-сезімін көтеретін маңызды, жүйелі шара ретінде қараған жөн, - деді президент.
Пікірлер