
Жарты жылдағы жағымды жаңалықтар: Тарбағатайда 24 мың гектардан астам жер тұрғындарға қайтарылмақ
Тарбағатай ауданы 2025 жылдың алғашқы бес айында әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Ауданның барлық салада оң қарқынмен ілгерілеуі өңірдің болашағына сенімділік ұялатады. Аудан әкімінің орынбасары Марат Қызов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ауданның даму көрсеткіштері туралы кеңінен баяндады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өнеркәсіпте өсім бар
Ауданның өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 1 602,0 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 101%-ға өсті. Бұл – өндіріс қарқынының артып келе жатқанын білдіреді. Өңдеу өнеркәсібінде де айтарлықтай көрсеткіш тіркелді: 588,3 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 176,9% өсім байқалды.
Анықталғандай, ауыл шаруашылығы саласы да айтарлықтай дамуда. Жалпы өнім көлемі 5 156,4 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 116,7%-ды көрсетті. Бұл көрсеткіштер аграрлық сектордың тұрақты даму жолына түскенін көрсетеді.
Мәлім болғандай, жыл басталғалы бес ай ішінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3 482,1 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,2%-ға артық. Соның ішінде жеке инвестициялар үлесі 2 917,3 млн теңгені құрап отыр.
Құрылыс саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Жалпы құны 2 538,9 млн теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары орындалды. Сонымен қатар 1 441 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, аудан тұрғындарының біршамасы пәтер кілттеріне ие болды.
Сауда мен кәсіпкерліктегі көрсеткіштер
Ауданда қазір 1 925 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл – былтырғы көрсеткіштен 18-ге аз болғанымен, кәсіпкерлік белсенділік сақталып отыр. Бөлшек сауда көлемі 2 398,4 млн теңгені құрайды. Дегенмен көтерме сауда саласында кері үрдіс байқалып отыр: 13,1 млн теңгенің тауары сатылған, бұл өткен жылдың тек 51,1%-ын ғана құрайды.
Жыл басталғалы Тарбағатайда жалпы құны 9 823,7 млн теңгеге тең 150-ден астам жоба жүзеге асырылуда. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Мәселен, 2023 жылы 135 жобаға 6,6 млрд теңге, ал 2024 жылы 121 жобаға 7,7 млрд теңге бөлінген болатын.
Әкімдік мәліметінше, биыл білім саласында 3 486,5 млн теңгеге 14 жоба қолға алынған. Соның ішінде Сарыөлең ауылында құны 550 млн теңге болатын, 50 балаға арналған жаңа мектептің құрылысы басталды. Мектеп биылғы оқу жылына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Денсаулық сақтау саласында 11 жоба жүзеге асырылып жатыр. Аудандық аурухана мен ауылдық медициналық мекемелерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 1 513,0 млн теңге бөлінген.
- Мәдениет және спорт саласы да назардан тыс қалмады. 9 жобаға 753,5 млн теңге бағытталып, Ақжар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен стадион күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар, аудан бойынша жол жөндеу жұмыстарына 371,2 млн теңге бөлініп, бірнеше ауыл көшелерінде құрылыс жұмыстары басталды, - делінген ақпаратта.
Ауызсу тақырыбы әлі өзекті
Жауапты тұлғалар аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Бұл мақсатта 1 668,4 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бірнеше елдімекенде су және кәріз жүйелері жаңартылуда. Сонымен қатар 61 жоба аясында балалар мен спорт алаңдары орнатылып жатыр. Абаттандыруға 615,4 млн теңге, көше жарығын жақсартуға 20,2 млн теңге қарастырылған.
“Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 21 жоба мақұлданып, олардың төртеуі бойынша 50,2 млн теңге игерілген. Ал “Жер аманаты” бағдарламасы шеңберінде 24
100 гектар жер мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Бұл ауыл шаруашылығын дамытуға берілетін үлкен мүмкіндік.
Бұдан бөлек, Тарбағатай маңында ұзақ мерзімді ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде Сатпай ауылы маңында жаңа әуежай салу, Зайсан көлінде порт ашу, Майқапшағай–Тұғыл теміржол желісін дамыту бағыттары өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.
“Қызылқайың” кен орнында жүргізіліп жатқан геологиялық барлау жұмыстары сәтті аяқталса, 2028 жылдан бастап кен байыту комбинатының құрылысы басталады. Осыған сәйкес 1500 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Аудан әкімінің орынбасары Марат Қызовтың айтуынша, “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы ауданға инвестиция тартуға ниетті. Ақжар мен Тұғыл ауылдарының кіреберісінде жаңа жанармай құю бекеттерінің құрылысы басталмақ. Қазіргі таңда бекеттер орналасатын жер учаскелері толық дайын.
Қорытындылай келе, аталған аудан алғашқы жартыжылдықта түрлі салада нақты өсімге қол жеткізді. Жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бастамалар – ауданның тұрақты дамуының нақты көрінісі. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын жақсартып, Тарбағатайды дамыған өңірлер қатарына қосуға бағытталған.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

{calendar}
Пікірлер