Екінші деңгейлі нарықтағы пәтерлер бағасы өсіп келеді. Жарты жылда, яғни 2025 жылғы қаңтар мен маусым аралығында Қазақстан бойынша пәтерлердің орташа ұсыныс бағасы 3,4%-ға артты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Krisha.kz мәліметінше, 2025 жылдың маусымы мен 2024 жылдың маусымын салыстырғандағы жылдық динамика пәтер бағасының 7%-ға өскенін көрсетті.
- Ең жоғары өсім Ақтауда (+18%), екінші орында Астана (+11%), Алматы мен Шымкентте сатушылар бағаларды 8%-ға көтерген, ең аз өсім Таразда (+1,4%) және Көкшетауда (+2%), - делінген жылжымайтын мүлік платформасы мониторингінде.
Ал жарты жыл ішіндегі ең айқын баға өсімі мына қалаларда байқалды: Қостанай мен Ақтауда +7,6%; Өскеменде +5%; Павлодарда +5,3%; Атырауда +3,7%. Алматы, Астана және Шымкентте бағаның өсуі шамамен 3% көлемінде.
Бағаның сәл ғана төмендеуі тек Көкшетауда тіркелді — мұнда бір шаршы метрдің бағасы 0,5% арзандады.
Пікірлер