A+ A A-

talgatzhan 2 Бүгін, 13:00 0

Ұлан ауданында Домбыра күні мен Астана күні қатар тойланды

Бүгін / Ұлан

Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде ұлттық рухты ұлықтайтын ерекше шара өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі

Бұл жолы қала іргесіндегі аудан жұртшылығы екі бірдей маңызды мерекені, яғни Ұлттық Домбыра күні мен Астана күнін қатар атап өтті. Мерекелік іс-шара кент тұрғындары мен қонақтарына арналған салтанатты концертпен басталды. Жергілікті мәдениет үйінің өнерпаздары халыққа ұлттық өнердің жауһарларын ұсынып, күй мен жырдан шашу шашты. Сахна төрінде қазақтың қара домбырасы күмбірлеп, дәстүрлі әндер мен күйлер орындалды. Шараға жиналған көрермен қауым ұлттық мұрамызға деген сүйіспеншілігін ерекше ықыласпен білдірді.

Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Қуат Оқасовтың айтуынша, бұл қос мерекенің мәні мен маңызы өте зор.

– Бүгін еліміз үшін аса маңызды күн. Ел жүрегі  Астананың туған күні мен қазақтың ұлттық брендіне айналған Домбыра күні қатар келіп отыр. Бұл екі мереке халқымыздың өткеніне тағзым етіп, болашағына сеніммен қарауға үндейді. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін осындай шаралар жас ұрпақтың бойына рухани байлықты дарытуда үлкен рөл атқарады, – деді ол.

Мерекелік шара аясында аудан әкімдігі ерекше бір игі бастама көтерді. Домбыра күнінің құрметіне өнерге бейім, дарынды жүз балаға арнайы домбыра сыйға тартылды. Бұл бастама – тек сыйлық емес, жас ұрпақты ұлттық өнерге баулу жолындағы үлкен қадам.

Аудан тұрғындары ұйымдастырылған шаралардан рухани ләззат алып, ұлттық мұрамызға деген мақтаныш сезімін ерекше сезінді. Қос мереке – Домбыра күні мен Астана күні – Ұлан ауданында елдік пен бірліктің, өнер мен өркениеттің жарқын нышаны ретінде кең көлемде тойланды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив