2025 жылғы 3-6 шілде аралығында Өскемен қаласында Ұлттық домбыра күніне орай алғаш рет Халықаралық дирижёрлер форумы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Форумның басты мақсаты — дирижёрлік мектептің үздік дәстүрлерін сақтау және дамыту, Қазақстан мен шетел музыканттарының кәсіби тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау, қазақ ұлттық музыкалық өнерін кеңінен насихаттау.
Домбыра күніне орай өткен баспасөз мәслихатында ұйымдастырушылар форум аясында өтетін іс-шаралар мен олардың маңызын атап өтті. Форум шеңберінде шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген кәсіби дирижёрлер ауылдық және аудандық деңгейдегі оркестр жетекшілеріне арнайы практикалық сабақтар өткізуде.
Мысалы, белгілі дирижёр Дәурен Ғылымов Тарбағатай ауданына барып, бірнеше күн бойы жергілікті дирижёрлар мен оркестр мүшелеріне арналған шеберлік сабағын жүргізді. Бұл — шалғайдағы музыка мамандары үшін үлкен тәжірибе әрі рухани серпіліс болды.
Форум бағдарламасы бірнеше бағытты қамтиды. Бүгін кешкісін филармония сахнасында «Дирижёрлер парады» атты гала-концерт өтеді. Ал 6 шілде күні Жамбыл атындағы саябақ пен Арбат алаңында облыстың үздік күйшілері күй-тартыс ұйымдастырып, қала тұрғындары кәсіби музыканттармен бірге ұлттық күйлерді орындауға қатыса алады.
Форум қатысушыларының қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендіков, Қырғыз Республикасының халық әртісі Бақтыбек Тилегенов, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері Владимир Кончев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дәурен Ғылымов пен Талғат Каримов, ҚР мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуров, Халықаралық байқаулардың лауреаты Берік Оразалин,
дирижёрлер Әли Сапарбек, Шалқар Ырысханұлы (Байжігіт атындағы оркестрдің бас дирижёры), Ержан Қасымқанов, Алтай Республикасынан келген жеке орындаушы, халықаралық фестивальдер лауреаты Айсур Нонуков.
- Бұл форум біздің өңірде бұрын-соңды ұйымдастырылмаған бірегей жоба. Республикалық деңгейде тұңғыш рет қолға алынып отыр. Шығыс Қазақстан осындай ауқымды форумның тұңғыш алаңына айналғаны үлкен жетістік. Домбыра мерекесін пайдалана отырып, аудандар мен қалаларда шеберлік сабақтарын өткізудеміз. Мәселен, Тарбағатай ауданындағы мастер-класстар жергілікті оркестрлер үшін өте пайдалы болды, – деді Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов.
Қырғызстаннан келген дирижёр Бақтыбек Тилегеновтың сөзінше, қазақстандықтардың музыка өнеріне деген ықыласы ерекше.
- "Қазақ-қырғыз бір туған” дейді. Сіздерде өнер мен спорт арқылы ел атын танытып жүрген тұлғалар көп. Домбыра күнін атап өтулеріңіз – мемлекет тарапынан өнерге көрсетіліп жатқан үлкен қолдаудың белгісі, – деді ол.
Музыка өнеріндегі озық тәжірибе мен дәстүр сабақтастығын ұштастыратын бұл форум Өскеменнің мәдени өмірінде жарқын жаңалыққа айналып отыр.
Пікірлер