Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалып келеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында баяндады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, жыл басынан бері барлық төлемдер индекстелген. Базалық зейнетақыны кезең-кезеңмен арттыру жалғастырылды.
− Әлеуметтік төлемдермен 4,7 млн адам қамтылды. Еңбек министрлігінің бюджеті 6,1 трлн теңгені құрады, шамамен 3 трлн теңгесі игерілді, − деді Еңбек министрі.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шеңберінде 285,7 млрд теңгеге жәрдемақылар мен төлемдер төленген.
− Портал арқылы 300 мыңға жуық оңалту құралдары мен қызметтері көрсетілді, 18,6 мың адам инватаксиді қолданды. Биылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді лицензиялау енгізілді. Бүгінгі күні 568 орталық лицензия алды, − деді С. Жақыпова.
Сонымен бірге, Бірыңғай цифрлық платформа белсенді түрде енгізіліп жатыр. Шілденің соңына дейін платформаға барлық өңірлерді қосу міндеті тұр.
− Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, көмектің атаулылығын және шын көмекке зәру азаматтарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, − деді С. Жақыпова.
Пікірлер