Қала билігі аула аумақтарын абаттандыру сапасын арттыруға бағытталған «Үздік аула — 2025» байқауының басталғанын жариялады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мамандар сөзінше, алғашқы өтінімдер түсіп үлгерді.
— Біз өз аула аумақтарын абаттандыруға және көпқабатты тұрғын үйлерді техникалық күтіп ұстауға барынша үлес қосқан ең белсенді және жауапты кондоминиум басқарушыларын анықтаймыз, - деп хабарлады Өскемен қаласының тұрғын үй қатынастары бөліміндегілер.
Байқауда "Үздік аула", "Үздік мүлік иелерінің бірлестігі", "Үздік пәтер иелерінің кооперативі" сияқты номинациялар бар. Одан бөлек, қатысушылар мынадай критерийлер бойынша бағаланады: аумақты абаттандыру, алаңдарды күтіп ұстау, көгалдандыру және тазалық, шарттардың, есептіліктің болуы, қысқа дайындық. Байқаудың өзі үш кезеңнен тұрады.
1) Алдымен іріктеу кезеңі: аумақтық басқару орталығы филиалдары кондоминиум менеджерлерінен өтінімдер қабылдайды, содан кейін олар тұрғын үй қатынастары бөліміне беріледі.
2) Екінші кезеңде аталған филиалдар арқылы конкурстық материалдарды (фотосуреттер, бейнероликтер, портфолио) жинап, сосын 2025-шы жылғы 1-ші қарашаға дейін тұрғын үй қатынастары бөліміне өткізу қажет.
3) Үшінші кезеңде 2025-ші жылдың 10-шы қарашасына дейін жиналған материалдар негізінде жұмыс тобының қорытындысын шығарылады.
Жеңімпаздарды марапаттау 16-шы желтоқсанда өтеді.
Қосымша ақпарат алу үшін 8-7232-74-14-51 телефоны бойынша хабарласуға болады.
Пікірлер