Елімізде магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Бұл сынақ 10 тамызға дейін жалғасады. Биыл Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, тестілеуге 51 мыңнан астам өтініш қабылданған. Ең көп таңдалған бағыттар – "Педагогикалық ғылымдар", "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары", сондай-ақ "Бизнес, басқару және құқық".
Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсушілер үш бөлімнен тұратын тест тапсырады: шет тілі, оқуға дайындығын анықтау және бейінді пәндер бойынша тест. Тестілеуге 3 сағат 55 минут уақыт беріледі. Шекті балл – 75, оның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл, ал бейінді пәндер мен дайындық тесті үшін – 7 баллдан кем болмауы керек.
Бейінді магистратураға түсетіндер тек бейіндік пәндерден тест тапсырады. Бұл формат бойынша шекті балл – 30.
Тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда тестіленушілер онлайн-апелляцияға өтініш бере алады. Өтініш емтихан аяқталған соң 30 минут ішінде қабылданады, ал апелляция бес күн ішінде қаралады.
2025 жылы магистратураға 13 мыңнан астам мемлекеттік білім гранты бөлінген. Гранттарға құжат қабылдау 12–18 тамыз аралығында жүргізіледі. Нәтижелер 25 тамызға дейін жарияланады, ал болашақ магистранттарды ЖОО-ға қабылдау 28 тамызға дейін аяқталады.
Пікірлер