A+ A A-

talgatzhan 33 24-07-2025, 12:24 0

Өскеменде халықаралық деңгейдегі суретші Айдарбек Ғазизұлының көрмесі өтті

Бүгін / Өскемен

Өскеменде қылқаламын шындыққа суарған, халықаралық аренада Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрген суретші-карикатурашы Айдарбек Ғазизұлының «АСТАРЛЫ АҚИҚАТ» атты жеке көрмесі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Кездесу Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада ұйымдастырылды. Аталған шараға суретшінің бала күннен бірге өскен сыныптастары, әріптестері, ұстаздары және өнерге бейім қала тұрғындары қатысты. Кездесу ерекше шырайлы рухта өтіп, шебердің бала күнгі армандарынан бастап, халықаралық деңгейдегі жеңістері, шығармашылығының сыры мен көркемдік философиясы кеңінен сөз болды.

— Қазіргі таңда 500-ден астам туындым бар. Соның 150-ге жуығын осы көрмеге алып келдім. Бұл туындылар – әр жылдардағы еңбектерім, ішінде түрлі кезеңдерде туған ойлар, қоғамға айтылған астарлы сын мен әзіл бар. Өзімді мазалаған сұрақтарды қағаз бетіне түсіріп, көрерменмен тілдесуге тырысамын. Алдағы уақытта да Өскеменде шығармашылығымның жалғасы болады деген сенімдемін, — деді суретші Айдарбек Ғазизұлы.

Айдарбек Ғазизұлы – еліміздің ғана емес, әлемдік карикатура өнерінің де белді өкілі. Оның туындылары 50-ден аса елде өткен халықаралық көрмелер мен байқауларда жоғары бағаға ие болып, әлем жұртшылығының ықыласына бөленген. Қазірге дейін ол республикалық және халықаралық дәрежеде 70-ке жуық жүлдені иеленген.

Айрықша жетістіктері қатарында, 1982 жылы – Қазақтың әйгілі «Ара-Шмель» сатиралық журналы ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы, 2012 жылы – Қытайда өткен әлемдік деңгейдегі «Алтын Панда» байқауында Алтын медаль иеленген, 2019 жылы – Кубада ұйымдастырылған ХХІ Халықаралық графикалық юмор биенналесінде 1-орынды қанжығасына байлаған.

Айта кетейік, суретшінің 130-дан астам жұмысы Қазақстан мен шетелдердің беделді басылымдарында жарық көрген. Бұдан бөлек, оның бірнеше туындысы Болгарияның Ұлттық мұражайына қойылған. Бұл – әлемдік өнер сахнасында сирек кездесетін зор жетістік.

Көрме барысында суретші мен көрермен арасында еркін сұхбат өрбіді. Суретшінің ұстаздары мен замандастары жылы лебіздерін білдіріп, оның адамгершілік қыры мен өнердегі адалдығына жоғары баға берді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив