Қазақстанда су шаруашылығы саласын кадрмен қамту іс-шарасы қай деңгейде жүріп жатыр? Бұл сауалға Су ресурстары және ирригация министрлігі ғылым және инновациялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
— Бүгінде министрлікке ведомстволық бағынысты мекемелерде, яғни су қоймалары, гидротехникалық құрылысжай және бассейндік инспекция кәсіпорындарында 10 000-ға жуық маман жұмыс істейді. Жаңа құрылыс нысандарының салынуына байланысты және су шаруашылығы саласы жұмысшыларының жас ерекшелігіне жүргізілген талдау нәтижесінде алдағы 4-5 жылда салаға 2000-дай маман қажет деп болжанып отыр. Осыған байланысты, министрлік тарапынан су саласына білімді кадрмен қамтамасыз ету, сонымен қатар су шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мен қайта даярлау мәселесі күн тәртібінде тұр, — деді Ләззат Жүсіпова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландыратын су шаруашылығы нысандарын реконструкциялау жобалары аясында 120 тұрақты жұмыс орнын құру жоспары бар.
— Ислам даму банкінің қолданыстағы және жаңа несиесі аясында 260 тұрақты жұмыс орны ашылады. Халықаралық қайта құру және даму банкі қаржыландыратын «Суару және дренаж жүйелерін жетілдіру, 2-фаза» жобасы аясында 270 тұрақты жұмыс орны ашылады. Республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферт есебінен Түркістан облысындағы «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобасы аясында 70, ал «Қарақуыс» су қоймасын салу жобасы аясында 12 тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Одан бөлек, Түркістан облысындағы Угам өзенінде каскадты гидроэлектростансасы су құбырын салу жобасы аясында кемінде 660 жұмыс орнын (500 уақытша, 160 тұрақты) құру жоспарланып отыр. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді, — дейді министрлік өкілі.
Айта кетейік, министрліктің мәліметінше, ауылда жұмыс істейтін су саласы мамандарына 7,8 млн теңгеге дейін жәрдемақы беріледі.
Пікірлер