Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да халықаралық «Oskemen Open 2025» шахмат фестивалінің салтанатты жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл жарысқа 16 мемлекеттен 270 шахматшы қатысты. Нәтижесінде 19 жастағы Алексей Гребнев «Masters» турнирінің жеңімпазы атанды. Ал қазақстандық Денис Махнёв, Даниял Сәпенов және Әлішер Сүлейменов 6-8 орындарды иеленді.
— Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Шахматқа деген қызығушылықты ойын барысында айқын байқадық. Келесі жылы турнирді тағы да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жолы өзге де мемлекеттерден қатысушыларды тартуға күш саламыз, — деді ШҚО Шахмат федерациясының атқарушы директоры Алексей Кудинов.
Шараға спортшылар мен жаттықтырушылар да жоғары баға берді.
— Өскеменде өткен бұл турнир шынында да ауқымды түрде ұйымдастырылды. Шараға қолдау білдіргені үшін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Барлығы риза. Жарыстың халықаралық дәрежеде өткені – үлкен жетістік, — деді жаттықтырушы Дастан Капаев.
Masters турнирінің кепілдендірілген жүлде қоры – 78 000 АҚШ доллары. Оның ішінде 1 орынға – $18 000, 2 орынға – $14 000, 3 орынға – $10 000, 15 орынға дейін – $1000 жүлде қарастырылған.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Пікірлер