Өскемен іргесіндегі Винное ауылында Aitas Agro компаниясы Дала күнін өткізіп жатыр. Түрлі тыңайтқыш пен тұқымның бәрі осында, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бірақ алдымен техникалар сақадай сай болуы керек. Мұны Aitas Agro-ның цифрландыру бойынша жобалық менеджері Алпамыс Кәріпов те растады.
- Жер жырту мен егістік оруда пайдаланылатын тракторларды алайық. Біздің компания қарамағындағы техникалар автопилотпен жабдықталған. Соның арқасында жер тегіс жыртылады, қисалаңдап жүрмейді. Мұның бәрі өнімділікке әсер етеді. Қолда бар мүмкіндікті барынша тиімді еткіміз келеді. Көп шығын әкелмейді, есесіне нәтиже бірден байқалады. Бүгін ұсынған жоспарымыз қолдауды қажет етеді. Сол жағы шешілсе, жасанды интеллектке иек артып көрмекпіз. Жердегі қоқыс мөлшері, арам шөптің аздығы немесе көптігі тексеріледі. Осыдан кейін алатын өнімді алдын ала болжап көруге мүмкіндік болады. Оған көзіміз жеткен соң, өнім жинауға дайындықты бастаймыз, - деді Алпамыс Кәріпов.
Винное маңындағы жиында сандық сервиске мән беріліп жатқаны айтылды. Aitas Agro өкілі егіс даласы туралы нақты ақпарат алу мол өнімге қол жеткізудің бірден-бір жолы.
- Сандық технологиядағы жасанды интеллект егіс даласында түзу жүрумен шектелсе, қосымша мәліметтерді бере алмауы мүмкін. Адами фактор деген де бар, кейде ағаттық кетуі мүмкін. Сондай-ақ бізде арнайы датчиктер бар. Кейде егістік алқабына уақтылы бара алмай қаламыз. Сол кезде датчик арқылы күніне екі мәрте сапалы суреттер аламыз. Тым құрығанда не боп жатқанын көруге болады. Керек болса, датчик санын көбейтуге кедергі жоқ, - деді жобалық менеджер.
Анығы сол, аймақта Алтай ауданы өнімділік бойынша көш басында. Сосын Шемонаиха және Глубокое аудандары аталады.
Пікірлер