A+ A A-

talgatzhan 30 Кеше, 12:45 0

Өскеменде журналистерге арналған семинар-тренинг өтті

Бүгін / Өскемен

31 шілде күні Халықаралық Түркітілдес журналистер қоры мен Halyk Bank өкілдері тізе қосып, «Журналистикадағы жасанды интеллект және медиа этика» тақырыбындағы семинар-тренинг ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Шара «Halyk-пен қаржылық сауат» жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұған өңірдегі БАҚ өкілдері мен жас тілшілер қатысты. Олардың қатарында Өскемен қаласы мен Күршім, Қатонқарағай, Ұлан, Тарбағатай аудандарынан келген журналистер бар. 
Ұйымдастырушылардың сөзінше, семинардың басты мақсаты –  қазақтілді журналистерге қолдау көрсету. 
– «Журналистикадағы жасанды интеллект және медиа этика» тақырыбындағы семинар-тренингтерді өткізуді былтыр бастаған едік. Ол кезде Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтау, Ақтөбе, Атырау қалаларының журналистері бас қосты. Биыл Орал, Қостанай, Тараз Семей, және Өскемен қалаларына келіп, игі бастаманы жалғастырдық. Барлық қала мен ауданнан қазақша жазып, ақпарат тарататын әріптестер жиналуда, – деді Халықаралық Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы.
Семинар барысында журналистер қаржылық сауаттылықты арттыру, алаяқтықтың алдын алу, кәсіби этика мәселелерін жан-жақты қарастырды. Медиа тренерлер жасанды интеллект бойынша бірқатар платформа жұмысымен таныстырып, практикалық дәрістер өткізді. Әр журналист жеке сайтын ашып, түрлі қосымшалармен жұмыс істеуге дағдыланды. Сондай-ақ YouTube-тағы соңғы трендтер туралы мағұлмат беріліп, монетизациялау жолдары түсіндірілді. 
– Бүгінгі тренингте жұмыс барысында қолдануға болатын түрлі тетіктер көрсетіліп жатыр. Соның ішінде жасанды интеллектпен қалай жұмыс істеу керектігі жан-жақты айтылды. Фото мен видеоны өңдеу құралдарын да үйрендік, – дейді Глубокое аудандық «Ертіс алауы» газетінің бас редакторы Дәулет Абылқасымов. 
Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар беріліп, марапаттау рәсімі өтті. Журналистер де мұндай шараларды жиі өткізу кәсіби даму мен өсу үшін маңызды екенін атап өтті. 
Айта кетейік, Халықаралық Түркітілдес журналистер қоры осыдан 11 жыл бұрын ашылған. Қор жанынан Қазақстандағы әйел журналистер клубы, жас журналистер мен медиа тренерлер мектебі жұмыс істейді. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив