A+ A A-

talgatzhan 31 Кеше, 14:30 0

Биылғы басты бастамалар: ШҚО қала, аудандарын қандай өзгерістер күтуде?

Бүгін / ШҚО / Алтай / Глубокое / Зайсан / Басты

Жыл сайын облыстағы қалалар мен аудандарда даму жолындағы жоспар құрылып, түрлі бастамалар қолға алынады. Олардың қатарында аурухана мен мектеп құрылысы, жарық пен көше жолдарын жөндеу, ауызсу тарту сынды қордаланған мәселелер де бар. Басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Осы ретте өңірдегі оң өзгерістерге жекелей тоқталып, әр қала мен аудан туралы ақпарат беруді жөн көрдік. Белгілі болғандай, осы жылы Алтай, Глубокое және Зайсан аудандарының жұртын бірнеше жаңалық күтіп тұр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Алтай ауданы

Аудан әкімі Жанна Аскарованың сөзінше, қазір тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, тұрғындардың жайлылығын арттыру және экологиялық ахуалды жақсарту назардан тыс қалмады.

– Басты жаңалық – биыл аудандағы бірнеше көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Мақсат сол, көлік кептелісін азайту, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларын азайту, – деді ол.

Әкімдік мәліметінше, биыл Алтай қаласындағы Астана көшесі (1,1 шақырым) мен Рудная көшесі (0,270 шақырым) жөндеуден өтеді. Жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер компания конкурс арқылы таңдалып, құрылыс шілде айының алғашқы жартысында басталып кеткен екен.

Бұдан бөлек, көлік қозғалысын реттеу және жол жүру қауіпсіздігін арттыру мақсатында жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Алтай қаласында ұзындығы 17 шақырым, Серебрянск қаласында 12 шақырым жол бойына жаңа белгілер қойылуда. Жаяу жүргіншілер өткелдерін қолдану жұмыстары да жүргізілді: Алтай (550 шаршы метр), Серебрянск (130 шаршы метр). Аудан әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта жалпы саны 187 жаңа жол белгісі орнатылып, тозығы жеткен 31 белгі жаңасына ауыстырылған.

Сонымен қатар түнде жиі болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін арнайы жарықдиодты белгілер орнату қолға алынған. Алтай қаласының бес көшесіне 5.16.1 және 5.16.2 үлгісіндегі жол белгілері қойылып жатыр.

 

Глубокое ауданы

Қала іргесінде орналасқан бұл аудан аумағында бүгінде ауқымды құрылыс және жаңғырту жұмыстары қарқын алып келеді. Инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу және туризм әлеуетін арттыру – биылғы басты бағыттардың бірі.

Белоусовка кенті мен Опытное поле ауылында әрқайсысы 300 орынға арналған екі жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Білім ордалары жаңа оқу жылына дейін, яғни 20–25 тамыз аралығында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Медициналық қызмет қолжетімділігін арттыру бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Тамыз-қыркүйек айларында Верхнеберезовка ауылында отбасылық дәрігерлік амбулатория, ал Уварово ауылында медициналық пункт ашылады. Жаңа амбулаторияда 5 төсек орны, күндізгі стационар және дәріханалық пункт жұмыс істемек. Мұнда терапевт, акушер және педиатр сынды мамандар тұрғындарды қабылдайды.

Осы жылы Глубокое кентіндегі бұрынғы жатақхананың ғимараты қайта жаңартылып, халыққа 29 пәтер бөлінбек.

Туризм саласында да айтарлықтай өзгерістер байқалады. Өскеменнен 22 шақырым жерде орналасқан «Конный двор» демалыс орны «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында жаңартылып, жаңа келбетке ие болды. Ал Быструха ауылындағы «Заречье» эко-қонақүйі 1,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартып, кеңейтілілді.

Зайсан ауданы

Зайсан ауданындағы жүзеге асып жатқан жобалардың ішінде тек аудан көлемінде ғана емес, тұтас облыс үшін стратегиялық маңызы бар бастама – жаңа әуежай құрылысы. Аталған нысан Зайсан қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан Сәтбай ауылының маңындағы бұрынғы әскери әуеайлақ базасының аумағында бой көтермек, 

Осылайша, 184,5 гектар жерді алып жатқан учаскеде ұзындығы 2200 метрді құрайтын ұшу-қону жолағы салынады. Сағатына 150 жолаушыға қызмет көрсете алатын, жалпы ауданы 4000 шаршы метр болатын жаңа аэровокзал, төрт ұшаққа арналған перрон, командалық-диспетчерлік пункт, авариялық-құтқару қызметі, метеостанция және радионавигациялық жүйелер орнатылады.

Әуежай іске қосылғаннан кейін Қытайдың Үрімші, Алтай және Қанас қалаларына халықаралық рейстер ашылып, Астана, Алматы және Өскемен бағыттарына тұрақты әуе қатынасы жүзеге асырылады деп күтілуде. Ал туристер саны жылына 136 мың адамға дейін өседі деген болжам бар.

Бұдан бөлек, биыл зайсандық оқушылар жаңа мектепке барады. Аудан орталығында 300 орынға арналған білім ордасы 1 қыркүйекте ашылады. Үлкен Қаратал ауылында 150, Сарыжыра ауылында 80 оқушыға арналған мектептердің құрылысы жүріп жатыр.

Медициналық инфрақұрылым да назардан тыс қалмаған. Қазір Қаратал ауылында дәргерлік амбулатория салынып жатыр. Ал аудандық арухананың жұқпалы ауруларды емдеу бөлімінің күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, 37 млн теңгеге 6 жабдық, қосымша МРТ аппараты әкелінді.

Естеріңізге сала кетейік, мамыр айында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен ауданға арнайы келіп, жөндеу жұмыстарының барысын тексерген еді. Аймақ басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше мән беріп, оларды уақытында аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.

Биыл ауданда 30 отбасы жаңа баспананың кілтін алып, қоныс тойын тойлады. Оның ішінде көпбалалы және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар жаңа пәтерлерге ие болды. Әкімдіктің мәліметінше, мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасады.

Аудан жолдары да біртіндеп жаңартылуда. Биыл Жаңатұрмыс, Сарытерек және Біржан ауылдарының жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл өз кезегінде көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосуреттер ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив