A+ A A-

talgatzhan 31 Кеше, 13:40 0

Жылдамдық емес, қауіпсіздік маңызды: Өскемендегі велосипед, мопед және самокат жүргізушілері нені білуі тиіс?

Бүгін / Өскемен / Пайдалы

Қазіргі таңда велосипед, мопед және электросамокат күнделікті өмірде кеңінен қолданылады. Олар экологиялық таза, үнемді әрі ыңғайлы болғанымен, қозғалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау аса маңызды. Жол қозғалысы ережелерін білу – кез келген жүргізушінің басты міндеті. Қарапайым ғана ережелер адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Осыған қатысты сәуір айында Қазақстанда жаңа ережелер өз күшіне енді. Атап айтқанда, мопедтер мен самокаттарды басқару үшін жүргізуші куәлігі қажет, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

5 сәуірден бастап «Жол қозғалысы туралы» заңға өзгертулер енгізіліп, жүргізушілерге қойылатын талаптар күшейді. Белгілі болғандай, бұдан былай мопедтерді тіркеу және басқару үшін жүргізуші куәлігі талап етіледі.

Бұдан бөлек, велосипедпен 14 жастан, мопедпен 16 жастан (жүргізуші куәлігімен), ал электросамокатпен 18 жастан бастап жүруге болады.

Сондай-ақ арнайы бегіленген жерлерде ғана қозғалуға рұқсат етілген. Мәселен, велосипедпен веложолдарда, веложолақтарда, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер аймағында және жолдың оң жақ шетінде жүруге мүмкіндік бар. Ал автомагистральдарда тыйым салынған.

А1, А немесе В санаты бойынша жүргізуші куәлігі бар 16 жастан асқандар мопедпен тек жолдың жүретін бөлігімен қозғала алады. Оларға веложолдарда, тротуарларда, автомагистральдарда қозғалуға тыйым салынған.

Электросамокатты жүргізуші куәлігін алған 18 жастан асқан азаматтар ғана тізгіндей алады. Веложолдарда, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолында 6 км/сағ дейін жүруге болады. Жолдың оң жақ шетімен де қозғалуға мүмкіндік бар. Бірақ автомагистральдарда, тротуарларда жоғары жылдамдықпен жүру қауіпті саналады.

 

Жеңіл көліктерге қатысты қала тұрғындарынан көптеген сауал келеді. Осы ретте солардың бірқатарын жауабымен назарларыңызға ұсынамыз.


- Өзім велосипедпен жүруді жақсы көремін. Енді барлық велосипедші міндетті түрде арнайы бас киім киюі керек деп естідім. Бұл рас па?

(Карина Айтбаева)

- Велосипедшілер саябақ ішінде, веложолдарда жүрсе, бас киім (каска) киюге міндетті емес. Ол үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған. Дегенмен заңнамада жолдың оң жақ шетінде қозғалу кезінде велосипед және электросамокат жүргізушілерінің шлемсіз жүруіне тыйым салынғандығы көрсетілген.

 

- Велосипедшіге жол ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салына ма? Егер оның жеке басын куәландыратын құжаты болмаса, айыппұл қалай рәсімделеді?

(Бектас Санатов)

- Егер велосипедші жолдың оң жақ шетінде жүрсе, ол жол қозғалысының қатысушысы саналады. Сондықтан жол ережесін бұзғаны үшін велосипедшілерге де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, 2-20 АЕК аралығындағы айыппұл салынады (ҚР ӘҚБтК 615-бабы).

Егер велосипедшінің құжаты болмаса, оны ең жақын полиция бөлімшесіне апарып, жағдайды анықтауға болады.

 

- Велосипедпен жол үстінде және жол жиегінде жүруге қанша жастан бастап рұқсат етілген? Автомагистральдарда велосипедпен жүруге бола ма?

(Асылбек Маратов)

- Жол қозғалысының ережелеріне сәйкес велосипедшілер веложолда немесе веложолақта жүруі керек. Егер ол болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетінде немесе тротуарда, жаяу жүргіншілер аймағында, автобустар жүретін жолақта, бір қатарда қозғалуына рұқсат етіледі. 14 жастан бастап велосипедшілерге жолдың оң жақ шетінде және жол жиегінен жүруге рұқсат етіледі. Ал автомагистральда велосипедпен жүруге қатаң тыйым салынған.

- Мопедті басқаруға тек 16 жастан бастап жүргізуші куәлігі арқылы рұқсат етіле ме?

(Сәния Оралбаева)

- Иә, 5 сәуірден бастап заңға енгізілген өзгертулер мопедтерді механикалық көлік құралдарына теңестірді. Енді мопед ішкі істер органдарында тіркеуден, міндетті техникалық байқаудан және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырудан өткеннен кейін, «А1», «А» немесе «В» санатындағы жүргізуші куәлігі болса ғана оларды басқаруға рұқсат етіледі.

«А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін автомектепте оқудан өту керек. Өскемендегі арнайы ХҚКО-да теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру қажет. «А» немесе «В» санатындағы жүргізуші куәлігінің болуы мопедті (А1) басқару құқығын растайды.

Мопед жүргізу құқығы 16 жастан бастап беріледі. Жолдың шетімен қозғалатын мопед жүргізушілері қозғалыс бағыты бойынша оң жақпен жүруі тиіс. Веложолдарда, тротуарларда және тасжолдарда мопедпен жүруге тыйым салынады.

 

- Электросамокатпен қайда және қалай жүруге болады?

(Асхат Елемесов)

- Электросамокаттармен веложолда және веложолақта қозғалуға рұқсат етіледі. Егер бұл мүмкін болмаса, жол жиегінде, тротуарда немесе жаяу жүргіншілер жолында 6 км/сағ аспайтын жылдамдықпен жүруге болады. Бұдан бөлек, электросамокатпен жолдың оң жақ шетінде, соның ішінде қоғамдық көліктерге арналған жолақпен қозғалуға рұқсат берілген. Бірақ тек бір қатармен жүру керек. Бұл ереже кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі бар 18 жастан асқан азаматтарға қатысты.

Ал веложолда, веложолақта, жол жиегінде, тротуарда немесе жаяу жүргіншілер жолында қозғалу үшін жүргізуші куәлігі талап етілмейді.

 

- Соңғы уақытта жастардың электросамокатқа мініп, жылдамдықты асырып жүргендерін жиі байқаймын. Тіпті бірде кішкентай баланы қағып кеткенін өз көзіммен көрдім. Мұндай жағдайда полиция қызметкерлерін шақырып, келтірілген шығынды өтету үшін не істеуге болады?

(Жазира Әсетқызы)

- Егер велосипедшілер, мопедшілер немесе электросамокатшылар жол ережелерін бұзып, физикалық немесе материалдық шығын келтірсе, олар 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді (39 320 теңге). Сондай-ақ зиянды өтеу үшін сотқа жүгінуге болады.

 

Аянат МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

Фотосуреттер ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив