A+ A A-

talgatzhan 44 4-08-2025, 17:00 0

Енді мейіргер де кеңес береді: жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

Бүгін / Республика

Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында мейіргерлік қабылдау енгізілді. Бұл тәсіл дәрігер жүктемесін азайтып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа тәжірибе дәрігерді әкімшілік және қосалқы функциялардан босатып, пациенттерге зерттеу нәтижелері мен дәрі-дәрмекті уақтылы алуға жол ашады.

Мейіргер ісі жөніндегі штаттан тыс бас маман Күлзи Әбенова мейіргерлердің өкілеттігін кеңейту ауруларды ерте анықтап, асқынулардың алдын алуға оң әсер ететінін атап өтті.

Мейіргерлік диагноз нені білдіреді?

Мейіргер дәрігерлік диагноз қоймайды. Оның міндеті — науқастың нақты шағымына сәйкес мейіргерлік диагноз қою. Мысалы: «ұзақ жөтел», «қышу», «аяқтың ісінуі», «қан қысымының жоғарылауы». Бұл диагноздар денсаулық сақтау саласындағы №149 бұйрықпен реттеліп, арнайы кодталады.

Мейіргер не істей алады?

Жаңа үлгідегі мейіргерлердің функционалдық міндеттеріне мыналар кіреді:

дәрігерге дейінгі тексеру жүргізу (қан қысымын өлшеу, тері мен лимфа түйіндерін тексеру);

ауыз қуысы мен сүт бездерін қарап, онкологиялық ауру белгілерін анықтау;

сауалнамалар арқылы жүрек-қан тамырлары, өкпе, асқазан-ішек ауруларының қауіптерін бағалау;

инфаркт пен инсульт қаупі бар пациенттерді анықтау (ЭКГ, холестерин деңгейі, липидті спектр);

қант диабеті бар адамдарды бақылау (қант деңгейі, аяқ күтімі, тамақтану бойынша кеңес беру);

пациенттерді скринингке және вакцинацияға шақыру;

динамикалық бақылаудағы науқастар үшін қосымша жоспар әзірлеу.

Дәрі-дәрмекке рецепт жазу өкілеттігі

Мейіргер өз бетінше дәрі-дәрмек тағайындай алмайды. Алайда диспансерлік есепте тұрған пациенттерге (мысалы, гипертония немесе қант диабетімен ауыратындар) дәрігер алдын ала тағайындаған дәрілерге электрондық рецепт жаза алады.

Сауаттылық пен алдын алу — басты назарда

Мейіргерлер пациенттерге дұрыс тамақтану, жеке күтім, асқынудың алдын алу (әсіресе диабет кезінде) сияқты маңызды тақырыптарда кеңес беріп, өмір сапасын арттыруға көмектеседі.

Жаңа жүйенің артықшылықтары

Кеңейтілген практика мейіргерінің жұмысы келесі тиімділіктерді көрсетуде:

дәрігерге түсетін жүктемені азайтады;

пациенттердің уақытын үнемдейді;

клиникалық зерттеулерге жолдама алуды жеделдетеді;

дәрігерлердің күрделі пациенттерге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.

Мансаптық өсу жүйесі

Министрлік мейіргерлер үшін көпсатылы кәсіби өсу жүйесін енгізуде: кіші мейіргер → жалпы практика мейіргері → кеңейтілген өкілеттігі бар мейіргер.

- Жаңа формациядағы мейіргер — бұл дәрігердің серіктесі. Ол өзінің құзыретін арттыра отырып, пациенттің денсаулығына қатысты мәселелерді шешуде белсенді рөл атқаруы тиіс, — дейді ведомство өкілдері.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив