A+ A A-

talgatzhan 35 5-08-2025, 09:00 0

ШҚО әкімі: «Ең бастысы – мерзім емес, сапа»

Бүгін / ШҚО / Өскемен / Риддер

«Өскемен – Риддер» автожолын қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Жалпы ұзындығы 105 шақырымды құрайтын бұл жол 11 елді мекенді байланыстырып, тұрғындар мен туристер үшін стратегиялық маңызға ие.

Былтыр жолдың Өскемен мен Секисовка арасындағы алғашқы 30 шақырымдық  бөлігі толық жөнделіп, асфальтбетон жабындысының 11 см қалыңдықтағы екі қатары төселді.

Қазір Секисовкадан Риддерге дейінгі қалған 75 шақырымдық  тасжолында жұмыс қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды екі мердігерлік ұйым атқаруда: «Kurylys Group RK» ЖШС (30–70 км учаскесі) және «Востоквзрывром» ЖШС (70–105 км учаскесі). 

Жобаға 160-тан астам маман мен 60-тан аса техника жұмылдырылған.

Бүгінде 49 шақырымда жолдың негізі ресайклинг әдісімен жаңартылып, 42 шақырымда астыңғы асфальт қабаты, 8 шақырымда үстіңгі қабат төселген. Жол негізінің сапасына ерекше көңіл бөлінуде: ескі жабын алынып, шөгу мен жарықтарды алдын алу үшін барлық талап сақталуда.

Таулы аймақта жолдың тұрақты жұмыс істеуі үшін су өткізгіш құрылымдарды жөндеу жұмыстары да басты назарда.

Барлық жұмыстар «Восток Инжиниринг» ЖШС және «D&J Emporio» ЖШС тарапынан бақылануда. «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ШҚОФ және Ұлттық жол активтері сапасы орталығы да қосымша мониторинг жүргізуде. 

Айта кетейік, жол жабынына үш жылдық кепілдік беріледі. Осы мерзімде мердігерлер туындаған ақауларды өз есебінен жөндеуге міндетті.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаны іске асыруда сапа – басты басымдық екенін атап өтті.

- Бұл жай ғана жол емес – бүкіл өңірдің тіршілігі жүретін күретамыр. Бірнеше жылдан кейін бұл жолда толқынды иректер мен шұңқыр болмаса болғаны. Мерзім емес, сапа маңызды. Оның үстіне бұл – ең танымал туристік бағыттардың бірі. Сондықтан Риддер мен Глубокое аудандарының әкімдеріне жол бойындағы сервистік нысандарды ашу үшін бизнес тарту жұмыстарын қазірден бастау керек, – деді аймақ басшысы.

Айта кету керек, көлік артериясының қайта жаңғырту қазан айында толық аяқталады деп жоспарлануда.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив