ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратынша, осы уақытқа дейін өңірде 7 бала терезеден құлап кетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жақында Өскеменде Көкжал Барақ көшесіндегі тұрғын үйдің төртінші қабатының терезесінен 2021 туған жылы қыз бала құлап түсті.
Мамандар атап өткендей, жазатайым оқиғалар ата-аналар терезенің ашық тұрғанын ұмытып, балаларды қараусыз қалдырған кезде болады.
- Оқыс оқиғаларды болдырмауға және қайғылы жағдайдан қорғауға көмектесетін құрылғыларды орнату өте маңызды. ШҚО ТЖД ата-аналар арасында тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, - деді ШҚО ТЖД алдын алу басқармасының бастығы Арман Наурызбаев.
Осы ретте ересектерден келесі ұсыныстарды ескеруді сұрайды:
- Үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмаңыз;
- Жиһазды терезелердің жанына қоймаңыз;
- Терезелерде арнайы қорғау құрылғылары болуы керек;
- Бала өздігінен аша алмайтындай етіп терезе тұтқасын бұғаттаңыз;
- Баланы терезеде тұруға және терезеден көшеде не болып жатқанын көруге үйретпеңіз;
- Москит торы баланы құлаудан құтқармайды.
Төтенше жағдай туындағанда құтқару қызметіне 112, 101 нөмірлері бойынша қоңырау шалуға болады.
Пікірлер