Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ана мен баланың денсаулығын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Министрдің мәліметінше, биыл алғаш рет болашақ аналарға арналған арнайы бағдарлама іске қосылған.
Осы жылы алғаш рет болашақ аналарға арналған "Аналар саулығы" бағдарламасы іске қосылып, әйелдерді 12 түрлі зерттеуден өткізу және жүктілікке дайындау үшін 5,1 млрд теңге бөлінді, – деді Ақмарал Әлназарова.
Сондай-ақ өткен жылы 22 облыстық перинаталдық орталық базасында жаңа құрылым жасақталған.
Өткен жылы 22 облыстық перинаталдық орталық құрамында "Ұрықты қорғау орталықтары" құрылып, құрамында жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында "Бір күндік клиника" ұйымдастырылды. Онда 100 мыңнан астам жүкті әйел 500 мыңға жуық тексеруден өтіп, нәтижесінде ұрықтың даму ақауларын ерте анықтау 13%-ға артты, – деді министр.
Бұл орталықтарды қажетті техникамен жабдықтау мәселесіне де тоқталды.
Осы орталықтарды заманауи медициналық техникамен жабдықтауға әкімдердің жергілікті бюджеттен қаражат қарастыруын сұраймыз, – деді ол.
Сонымен қатар елімізде жаңа медициналық технология енгізілгенін мәлімдеді.
Елімізде алғаш рет "Феталды медицина" жаңа технологиясы енгізіліп, жатырішілік 71 операция жасалып, нәтижесінде 96 нәрестенің өмірі сақталды, – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр биылдан бастап емханалардағы жаңа құрылымдар туралы да хабарлады.
Осы жылдан бастап емханаларда педиатриялық бөлімшелер ашылып, 100 даму және ерте араласу орталықтары жасақталды, – деді ол.
Сондай-ақ шалғай ауылдардағы жүкті әйелдерді алдын ала емдеуге жатқызуға арналған нысандар ашылып жатқаны айтылды.
Шалғайдағы ауылдық мекендердегі тәуекелі жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерді алдын ала емдеуге жатқызу, сондай-ақ асқынған босанудан кейінгі кезеңде әйелдерді оңалтуға арналған "Салауатты Ана" пансионаттары ашылуда. Бүгінгі күні пансионаттар Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында ашылып, жүктілерге қызмет көрсетуде. Басқа өңірлердің әкімдерінен жыл соңына дейін облыс орталықтарында пансионат ашу мәселесін шешуді сұраймыз, – деді министр.
Министр жүкті әйелдер мен фертильді жастағы әйелдердің денсаулығына цифрлық бақылау енгізілгенін де атап өтті.
Жүкті әйелдер мен фертильді жастағы әйелдердің денсаулығына цифрлік бақылау жүргізу мақсатында 20 Ситуациялық орталық ұйымдастырылып, жүктіліктің асқынуын анықтап, дер кезінде емдеуге жатқызуға мүмкіндік берді, – деді Ақмарал Әлназарова.
Пікірлер