A+ A A-

talgatzhan 67 6-08-2025, 11:40 0

135 баланың өмірі – дабыл қағарлық дерек: Жас жол инспекторларының қозғалысы қайта жанданды

Бүгін / Өскемен

Бүгін Өскеменде жас жол инспекторлары республикалық слетінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында елдегі жол-көлік оқиғаларынан 135 бала көз жұмған. Ал Еуропалық көлік қауіпсіздігі кеңесінің дерегінше, Еуропа елдерінде жол апатынан болатын балалар өлімі жылына 100 мың балаға шаққанда 2 жағдайдан аспайды. Бұл дерек Қазақстанда жол қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударып, жүйелі әрі шұғыл шаралар қабылдауды қажет ететінін көрсетеді.
Жас жол инспекторлары қозғалысы кеңес дәуірінен қолға алынған. Алайда уақыт өте келе түрлі себептерге байланысты бұл бастама тоқтап қалған еді. Биыл алғаш рет осыны қайта жандандыру қолға алынды. Осыған орай республиканың әр аймағында аудандық және облыстық деңгейде байқаулар өткізіліп, ең үздіктері республикалық слетке жолдама алды.
– Бұл бастаманың басты мақсаты – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау. Өкінішке қарай, елімізде жол-көлік оқиғаларына балалар жиі тап болып жатады. Сондықтан бұл қозғалысты тек республика көлемінде ғана емес, шекаралас елдімекендермен бірлесе жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Балалардың қауіпсіздігі – басты міндетіміз. Сол үшін барлық күшімізді саламыз, – деді ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаев.
Жас жол инспекторларының слеті тек жол апаттарының алдын алу шарасы емес, жасөспірімдер арасында азаматтық жауапкершілікті арттырып, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеудің бір жолы. Сонымен қатар, бұл бастама көптеген оқушының болашақ мамандығын осы салаға бағыттауына себеп.
— Бүгін республикалық слетке қатысып отырмын. Жалпы, жас жол инспекторы атанғаныма өте қуаныштымын. Бұл – үлкен мақтаныш. Ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Енді ел намысын қорғап, бірінші орынды иеленуге бар күшімізді саламыз, – деді Өскемендегі А.Байтұрсынұлы атындағы №20 орта мектептің оқушысы Аружан Уанбаева.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив