Бүгін таңертең Бозанбай ауылындағы құрылыс жұмыстары кезінде трактор траншеяға аударылып, 1980 жылы туған арнайы техника жүргізушісі ажал құшты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, марқұмның артында бес баласы қалды.
Оқиға орнына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы және Ұлан ауданының әкімі жедел жетті.
Өңір басшысы су құбыры желілерін салып жатқан «ТМ Тепломир» ЖШС қызметіне қатысты жан-жақты және әділ тергеу жүргізуді тапсырды. Еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.
- Мұндай жағдайларда бейқамдық танытпау керек. Болған оқиғаның нақты себептері анықталуы тиіс, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сонымен қатар ол Ұлан ауданының әкіміне қайтыс болған адамның отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетуді тапсырды.
Қазіргі уақытта оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қайғылы жағдайдың мән-жайы нақтылануда.
Пікірлер