
Ахмер кентіне қатынайтын автобустардың қозғалысы неге тұрақсыз?
Ахмер кенті – Өскеменнің шетінде орналасқан, күннен-күнге дамып келе жатқан аудан. Бүгінде мұнда 6727 адам тұрады. Алайда тұрғын саны артқанымен, қоғамдық көлік мәселесі өз шешімін таппай отыр. Әсіресе, таңғы және кешкі уақыттарда қалаға қатынайтын автобустарға мінудің өзі – маңызды мәселеге айналған. Тұрғындардан түскен шағым көп. Сайт тілшісі осының мән-жайын өз көзімен көріп қайтқан болатын, , деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қалаға қатынайтын автобустар саны жеткілікті ме?
Ең алдымен, жолаушылар көлігінің жетіспеушілігі мен жүру жиілігі көңіл көншітпейтінін айта кету керек. Ахмерден қалаға қарай жүретін автобустарды кейде 30-40 минут күтуге тура келеді. Ал автобус келіп жеткенде, оның іші лық толы, ине шаншар орын жоқ. Қазіргі уақытта Ахмер кентінен қала орталығына қатынайтын 5 бағыттағы автобус бар:
№42 – «Өскемен вокзалы – Жаңа Ахмер» (9 автобус),
№55 – «с/ө Ивушка – Жаңа Ахмер» (7 автобус),
№255 – «19-шы шағынаудан – Жаңа Ахмер» (3 шағын автобус),
№256 – «Өзен вокзалы – 28-ші шағын аудан» (2 шағын автобус,
№71г – «Өзен вокзалы – Герасимовка ауылы» (2 автобус).
Байқағанымыздай, бағыт көп болғанымен, жүру аралығы біркелкі емес, кейде кесте мүлде сақталмайды. Бұл жағдай, әсіресе жұмысқа, оқуға асыққан адамдар үшін үлкен қолайсыздық туғызып отыр.
– Автобустар кесте бойынша жүрмейді, көбінесе кешігіп келеді немесе мүлде келмей қалатын кездер болады. Кейде аялдамада 20-30 минут, тіпті одан да көп уақыт күтіп қаламыз. Кейбіреулер амалдың жоқтығынан жолда көлік тоқтатып, діттеген жеріне жетіп алуды ойлайды. Мен өзім мектеп асханасында жұмыс істеймін. Таңғы сағат 7:00-де жұмыста болуым қажет. Ол үшін таңғы 6:00-де автобусқа мінуім керек. Бірақ автобус дер кезінде жүрмейтіндіктен, амалсыздан күн сайын таксимен баруға мәжбүрмін. Бұл әрине, қаржылай жағынан да, уақыт жағынан да қолайсыз. Қоғамдық көліктің дұрыс ұйымдастырылмағаны – бұл тек менің емес, осындағы көптеген тұрғынның күнделікті мәселесі. Автобустардың кестеге сай жүрмеуі – бұл аудан тұрғындарының басқа жаққа келіп-кетуін де қиындатып отыр. Көп адам осы жаққа жұмыс істеуге де, тұруға да құлықсыз. Себебі, ең негізгі қатынас құралы саналатын автобус қозғалысына күмәнмен қарайды. Осы мәселе шешімін табады деп үміттенемін. Автобус бағыттары мен жүру жиілігі ретке келтіріліп, жүргізушілер жауапкершілікпен қараса, біз секілді таңертең ерте жұмысқа шығатындарға үлкен көмек болар еді, – деді Тұрсынгүл есімді тұрғын.
Осы ретте, Ахмер кенті тұрғындарының қоғамдық көлікке байланысты шағымдары орынды екенін байқауға болады. Автобус бағыттарының көптігіне қарамастан, олардың жүйесіз жүруі – күнделікті тұрмысқа елеулі әсер етіп отыр.
Мектеп оқушыларына автобус бар, бірақ...
Тұрғындардың 30%-ын балалар құрайды. Қалалық білім бөлімінің дерегінше, Ахмер кентінде №49 жалпы білім беретін мектеп пен Ахмер орта мектебі бар. Алғашқысы бойынша – 1100 оқушы, ал Ахмер орта мектебінен – 198 оқушы автобуспен қатынайды. Қос білім ошағында оқитын оқушылар саны 2000-нан асады. Қазіргі уақытта жеті автобус таңертең және түсте балаларды үйден мектепке, мектептен үйге жеткізумен айналысады.
– Екі мектептің контингенті 2236 оқушыны құрайды. № 49 жалпы білім беретін мектепте 1100 оқушыны 4 мектеп автобусымен мектепке және үйге тегін тасымалдайды. Осы ретте қоғамдық көліктер келесі саяжайлардың алдына тоқтайды: «Инвестор», «Рябинушка», «Металлург», «Ягодка», «Подснежник», «Звездный», «Оплот», «Арман», «Болашақ», «Аққу», «Ярославец», «Родничок», «Самоцветы», «Звезда» с/о, Жаңа-Ахмер. Ахмер орта мектебінде 198 бала 3 мектеп автобусымен мектепке және үйге тегін тасымалдаумен қамтамасыз етілді (Металлург, Родничок, Арман, Күләш Байсейітова, Аққу, Зайла, Звезда, Омарова және «Детская деревня»), – делінген Өскемен қаласы білім бөлімінің берген ақпаратында.
Ахмердегі автобус мәселесі әсіресе қыс мезгілінде қатты шиеленіседі. Тұрғындардың айтуынша, қыста суық аялдамада қоғамдық көлікті сағаттап күту кәдімгідей азап. Сондықтан осы мәселе тезірек шешілсе екен деп күнде үміт ұшқынын тұтатады.
– Қоғамдық көлік мәселесі жазда ғана емес, әсіресе қыс мезгілінде қиындай түседі. Қатты аязда аялдамада автобусты сағаттап күтуге тура келеді. Биыл кей жерлерде жылы аялдамалар салынып жатқаны қуантты, дегенмен автобустардың уақтылы қатынауы деген тақырып сол қалпы тұр. Атап айтқанда, №55-ші маршрут өте нашар жұмыс істейді. Бұл бағытта тек 2-3 автобус қана жүреді, олардың өзі күннің бел ортасына жетпей, сағат 10:00 шамасында түскі үзіліске кетіп қалады. Нәтижесінде, Меновное кентіне, мешіт, аурухана, жәрмеңкелерге бару тұрғындар үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Өзім бірнеше рет №55-ші автобусты ұзақ күтіп, аязды күні суық тигізіп алған жағдайларым болды. Бұл менің ғана емес, көптеген тұрғынның басынан өтетін жағдай. Мысалы, Өскеменнің басқа аудандарындағы автобустар біршама жақсы қатынайды. №12, 60, 33 сынды маршруттар нақты кестемен жүреді, мүлдем шықпай қалғанын немесе қатты кешіккенін байқамаппын. Ал Ахмер аумағында бұл мәселе жыл сайын айтылып келе жатса да, нақты шешім жоқ. Халық күнделікті жұмысына, науқастар емханасына жету үшін осындай қолайсыздықтарға тап болуда, – дейді Ахмер кентінің тұрғыны Самал Әубәкірова.
Жауапты мекеменің жауабы қандай?
Аталған мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сауалхат жолдаған болатынбыз. Олардың айтуынша, қоғамдық көліктердің осы бағыттағы ең жоғары уақыттағы желілік қозғалыс аралығы 5-10 минутты құрайды.
– Аталған бағыттарға тасымалдаушылар автобустарды толық көлемде шығарады. Алайда көлік құралдарының дұрыс жұмыс істемеуіне немесе жүргізушілердің ауруына байланысты маршруттардың дұрыс жұмыс істемеуі байқалады (негізінен №55 маршрутта). Тасымалдаушыларға жүйеліліктің тиісті деңгейін сақтау және барлық жоспарланған рейстердің орындалуын қамтамасыз ету қажеттілігі туралы нұсқаулар берілді, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ бөлім өкілдері оқу жылы басталған соң жолаушылар ағыны қайта сараланып, қажет болған жағдайда маршруттардың қозғалыс кестесі мен көлік саны өзгертілетінін жеткізді.
– Жаз мезгілінде жолаушылар ағынының күрт төмендеуі байқалады. Сондықтан оқу жылының басталуымен жоғарыда көрсетілген маршруттардағы жолаушылар ағыны қосымша зерделенбек. Қажет болған жағдайда кестелер санының ұлғаюын ескере отырып, өзгертілетін болады. Әкімдік тарапынан қоғамдық көліктің жұмысына байланысты барлық проблемалық мәселе қаралады. Олар бойынша шешім тасымалдаушылармен бірлесіп, жеке тәртіппен қабылданады, – дейді ТҮКШ бөлімінің өкілдері.
Қорыта айтқанда, Ахмер кентіндегі қоғамдық көлік мәселесі – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етіп отырған жайт. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті билік пен жауапты мекемелер нақты әрекетке көшіп, бағыттар мен жүру жиілігін қайта қарап, бақылауды күшейткені жөн. Тұрғындардың қауіпсіз әрі уақтылы қатынауын қамтамасыз ету – қала инфрақұрылымының дамуы мен халықтың әл-ауқаты үшін маңызды қадам болмақ.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Фотосуреттер автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер