A+ A A-

talgatzhan 38 12-08-2025, 17:00 0

Өскемендегі «Қамқорлық» орталығы 64 млн теңгеге заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді

Бүгін / Өскемен

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Қамқорлық» ерте араласу орталығы заманауи оңалту және диагностикалық құрылғылармен толық жабдықталды. Бұл жұмыс «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асты, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Орталықты жабдықтау «Ерте араласу орталықтарын жарақтандыру» бағдарламасы аясында жүргізілді. Қор бұл мақсатқа 64 миллион теңге көлемінде қаражат бөлді.
«Қазақстан халқына» қоры 2022 жылдан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылып, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына 4,6 миллиард теңгеге жуық қайырымдылық көмегін көрсетті. Бұл туралы қордың менеджері Динара Нұрқасымова мәлімдеді.
— Шығыс Қазақстан облысында 18 жобаға қолдау көрсеттік. Соның ішінде денсаулық сақтау саласына бағытталған 7-8 жобаға 1,3 миллиард теңге бөлінді. Сол жобалардың бірі — осы «Ерте араласу орталықтарын жабдықтау» бағдарламасы. Бөлінген қаражат есебінен орталық ішкі материалдық-техникалық базамен жабдықталды. Алдағы уақытта серіктестерімізбен бірге осындай орталықтарды басқа өңірлерде де ашуды жалғастырамыз, — деді ол. 
Айта кетейік, «Қамқорлық» орталығы 2023 жылы 14 тамызда ашылған. Мұнда 3 айдан 3 жас 11 айға дейінгі балаларға кешенді емдік-оңалту шаралары тегін жүргізіледі.
—Мұнда туа біткен кемістіктері, неврологиялық дефициті, моторлық функция бұзылыстары бар балалар ем қабылдайды. Былтыр 604 бала, ал 2025 жылдың алғашқы жартысында 305 бала оңалту бағдарламасынан өтті. Қазіргі таңда орталықта ай сайын орта есеппен 50 балаға дейін ем қабылдайды. Мұнда реабилитолог, логопед, психолог, дефектолог мамандар қызмет көрсетеді. Кешенді ем шаралары балалардың жағдайына сай жеке жүргізіледі. Ата-аналар оң нәтиже байқап, алғыстарын білдіруде, — дейді орталықтың дәрігер-реабилитологы Құндыз Тоқтарова.
Орталық заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Әр маманның жеке кабинеті бар. Сонымен қатар балаларға арналған галоионотерапия, сенсорлық бөлме, емдік дене шынықтыру сынды арнайы бағыттар қарастырылған.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив