Аталған білім ордасы «Арнайы мектеп ұйымдарын жабдықтау» жобасы аясында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында толықтай жабдықталды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Мектепте оқу процесін жақсартуға бағытталған бірқатар жаңа құрылғы орнатылды. Атап айтқанда, арнайы кабинеттерге заманауи техникалар, тілдік бұзылыстарды түзетуге, оқушылардың әлеуметтік бейімделуі мен еңбек дағдыларын дамытуға арналған құрал-жабдықтар алынды.
— 2023 жылы «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық көмегі аясында мектебімізге жалпы сомасы 33 миллион теңгеге арнайы жабдықтар берілді. Бұл оқушыларымыздың дамуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және еңбек арқылы оңалуына зор үлес қосуда. Сонымен қатар педагогтеріміздің де жұмыс сапасы артты. Осындай мүмкіндік берген «Қазақстан халқына» қорына мектеп ұжымы атынан алғысымызды білдіреміз, — деді №8 арнайы мектеп-интернатының директоры Айгүл Кәртенова.
Білім ошағында 70 мұғалім қызмет етеді. 2024–2025 оқу жылында мектепті 166 оқушы аяқтады.
Сонымен қатар мұнда тігін шеберханасы мен ағаш бұйымдарын жасауға арналған арнайы шеберхана жұмыс істейді. Бұл оқушылардың кәсіби бағытта дамуына және еңбек дағдыларын игеруіне мүмкіндік береді. Мектеп-интернаттағы барлық жағдай ерекше қажеттіліктері бар балалардың жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуына бағытталған.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер