
Кез келген қыздың арманы – ақ көйлек киіп, ақ боз ат мінген ханзадасына қосылу. Алайда кейде сол жүрекпен қиялдаған армандағы көйлекті табу оңайға соқпайды. Осындай сәтте көмекке келетін жандардың бірі – Баян Тұрсынова. Радиотехника саласын тәмамдағанына қарамастан, нәзік талғамы мен табандылығы оны мүлде басқа бағытқа – кәсіпкерлікке жетеледі. Бүгінде ол жүздеген қалыңдықтың арманын шындыққа айналдырып жүрген сән саласының маманы. Баян ашқан сән салонында әрбір келіншек өзін ханшайымдай сезініп, армандаған көйлекті таба алады. Әрине, бұл жетістікке жету жолында оңай соқпаған кезеңдер де болды. Салон ашудағы алғашқы қиындықтар, ерекше есте қалған оқиғалар мен Баянға шабыт сыйлаған сәттер жайлы осы сұхбаттан оқи отырыңыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Қай өңірдің тумасысыз?
- Катонқарағай ауданы Топқайың ауылының тумасымын. Бітірген мамандығым – радиотехника, электроника және телекоммуникация.
- Шығармашылық және кәсіби жолыңызды қалай бастадыңыз?
- Осы кәсіпті ашу идеясы өзім тұрмыс құрарда көйлек іздеуден басталған. Жалпы Өскеменде той көйлектеріне дұрыс таңдау жоқ, салон аз. Декретте отырғанда осы кәсіппен айналысқым келетінін толық түсініп, жолдасыма айттым. Ол маған қолдау көрсетіп, осы дүкенді аштық.
- Дүкен ашқаныңызда қандай қиындықтар мен қуанышты кездер болды?
- Бұл дүкенді ақпан айында аштық. Оған дейін көйлектерге тапсырыс беріп, оны 2 ай күттік. Барлық ақшаны көйлектерге төлеп тастағанмын. Шекара жабық болып, ол көйлектер келе ме, жоқ па деп түрлі жаман ойлар мазалады. Сол кезде аздап қорқыныш пен күдік болды. Себебі, ештенеден хабарым жоқ, нені қалай істеу керек екенін білмеймін. Ал былай күнделікті түрлі жағдайлар, қиыншылықтар болып тұрады. Кәсіп қиындығымен қатар жүреді ғой.
- Салонды ашуға қанжа қаражат кетті?
- Бастапқыда ашу үшін 4 миллион теңгеге жуық ақша кетті. Оның ішіне жалға алып отырған орнымыз бен жөндеу жұмыстары кірді.
- Жұмыс барысындағы қызықты оқиға болса бөлісе кетсеңіз…
- Негізі ондай сәттер көп. Бірақ ең қызығы қалыңдықтардың тойына 1 күн қалғанда көйлек іздеуі. Таңғалғаным да бар. Себебі, той көйлегін 2-3 ай бұрын қарап, таңдап, алып қояды ғой. Ал 1 күн қалғанда көйлек іздеген қыздар қалауындағы той көйлегін ала алмай, көңіл-күйлері түсіп қалады. Біз оларға максималды түрде көмектесуге тырысамыз. Дегенмен, көйлек бос болмаса амал жоқ.
- Бір көйлекке тұтынушылар таласқан жағдай болды ма?
- Иә. Ондай жағдай жиі болып тұрады. Мысалы, 1 күн бұрын киіп көруге келіп, таңдап кетеді. Ертең қайтадан келгенде басқа клиент алып қояды оны. Бізде инстаграм парақша арқылы онлайн да алуға болатындықтан, алыс-жақын аудандардағы қыздар да жазады. Бізге кім бірінші алдын ала төлем жіберсе, соның атына жазып қоямыз көйлекті.
- Сатып алушылармен жұмыс істеу барысы қалай өтеді? Қалыңдықтың көңілінен шығатын көйлекті табу қиын ба?
- Бізге көбінесе әлеуметтік желі арқылы қарап, өзіне ұнаған көйлегін таңдап келеді. Әрі қарай оларға көрсетіп, таңдауға көмектесеміз. Инстаграмға модельін, қандай өлшемде екенін салып отырамыз. Жаңа топтама келсе оны да саламыз. Сосын дайын болып келеді клиенттеріміз.
- Қай той көйлегін ешқашан салоныңызға қоспайсыз?
- Жалпы ұзату, той көйлектерін сатып алу тиімді емес. Оны кейін сату да қиын, беру де қиын. Көп қыздар жекеме жазып жатады «осы көйлекті қымбатқа алып едім, алыңызшы, бір рет қана киілген» деп. Ондай көйлекті ешкім алмайды. Солай айтсаң, ренжиді. Бірақ бұл – шындық. Біз көйлекті арнайы тіктіретіндіктен, клиенттерге сапалы көйлек ұсынғымыз келеді. Біз тек прокатқа береміз. Прокат бағасы 70 мыңнан басталады.
- Қазір қандай ұзату немесе той көйлектері сұранысқа ие?
- Қазір жеңіл көйлектер сұранысқа ие. Яғни матасы жеңіл, жұқа. Дәл осы модель деп айта алмайды екенмін, себебі, әр адамның талғамы әртүрлі. Біреуге балық мүсінді көйлек ұнаса, біреуге жайылып тұратын көйлектер ұнайды. Сондықтан ол әр қалыңдықтың жеке таңдауы, қалауы.
- Тауарды қайдан алдыртасыз? Жеке өзіңіз барасыз ба, әлде тапсырыспен бе?
- Қазақ көйлектерін Шымкент қаласынан алдыртамын. Арнайы тіктіріп, мықты сапада жасатамын. Көйлектер маған тапсырыспен келеді. Жеке өзім барып алмаймын.
- Күніне қанша қалыңдық келеді?
- Оны айту қиын. Жаз мезгілі той маусымы болғандықтан, келушілер тіпті көп. Қыркүйек, қазан, қараша айына көйлектерді жалға беру басталып кетті. Жаз айларына мүлдем орын жоқ.
- Бұрын визажист болыпсыз. Неліктен ол кәсіпті тоқтаттыңыз?
- Визажист жұмысын тек келесі жылға дейін тоқтатып қойдым. Себебі, осы кәсіпті жетер жеріне жеткізіп, дамытып алсам деген ой бар. Ал кейін қайтадан өз жұмысыма ораламын.
- Шабытты қайдан аласыз?
- Шабытты кәсібім мен қалыңдықтардан аламын. Олардың келіп, көйлекті киіп көруі, қуанғаны маған үлкен шабыт береді. «Тура мен қалаған көйлек», «таптым-ау әйтеуір» деген сөздерді, тойдан кейінгі пікірлерін естігенде жүрегім жылып қалады.
- Кәсіп бастаймын деушілерге берер кеңесіңіз болса...
- Ең бірінші кеңесім – өзіңе деген сенім. Қорықпау керек. Екіншісі – өзіңіздің ісіңізді басқалардың кәсібімен салыстырмау. Себебі, әркімнің жолы әртүрлі. Үшіншісі – әлеуметтік желіде белсенді болу, кәсібіңді жарнамалап, дамыту керек.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай?
- Жұмыс ауқымын кеңейту ойда бар. Осымен тоқтап қалмаймыз. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ішін осыдан да әдемі, жарық ету керек.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер