A+ A A-

talgatzhan 35 14-08-2025, 10:30 0

24 елді аралаған ұстаз: Егер демалғың келсе, жер ауыстыр

Бүгін / Сұхбат

Бүгінде шетелге шығу, саяхаттау – қазақстандықтар үшін сән емес, мәдениетке айналып келеді. Осы бағытта өзгелерге шабыт беріп, авторлық тур ұйымдастырып жүрген азаматтар жоқ емес. Солардың бірі – Өскемен қаласының тұрғыны, шет тілдер пәнінің мұғалімі, саяхатшы және тур ұйымдастырушы Толқын Абдрахманова. Ол Зайсан қаласының тумасы. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да 29 жыл ұстаздық жолда қызмет етіп келеді. Сондай-ақ әлемнің 24 елін аралап үлгерген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Балалық шақтан басталған қызығушылық

Толқын ханымның саяхатқа деген қызығушылығын алғаш анасы оятқан. Оның айтуынша, шешесі 5 сыныптан бастап-ақ түрлі қалаларға, лагерлерге жіберіп, ел көруге ынталандырған. «Егер демалғың келсе, жер ауыстыр» дейтін анасының сөзі бүгінде оның өмірлік ұстанымына айналған.

- Жыл сайын Мәскеу, Литва, Латвия сияқты жерлерге саяхаттап, қызығушылығым ояна бастады. Германия, Швеция, Францияға барып, түрлі идеялар келе бастады. Сосын «Неге адамдарды саяхатқа бірге алып бармасқа» деп ойладым. Солай достарымның балаларын өзіммен бірге шетелге алып шықтым. Ол кезде Германия, Франция, Австрияға тілдік мектепке 2 аптаға бардық. Қазір жылына 2 рет шетелге шығып тұрамын, - дейді Толқын Абдрахманова.

Жылына екі рет ұйымдастырылатын бұл сапарларға түрлі жастағы азаматтар қатыса алады. Ең бастысы – саяхаттағысы келетін, бірақ батылы жетпейтін жандарға нақты мүмкіндік беру.

Авторлық тур дегеніміз не?

Толқын ханым ұйымдастыратын саяхаттар жай ғана қонақүй мен жағажай демалысынан әлдеқайда өзгеше. Әдеттегі турпакет тек бір орында демалуға арналса, авторлық тур бірнеше қаланы, бірнеше мәдениетті қатар қамтиды. Мысалы, Түркияға барғанда Ыстамбұл, Анкара, Кападокия, Анталия сияқты қалаларды бір сапарда аралап шыққан. Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл – салауатты, белсенді, әсерге толы саяхат түрі.

- Турлар қолжетімді бағада. Ұшақ билеттерін 2-3 ай бұрын арзан бағамен сатып алып, жайлы, бірақ тиімді қонақүйлерді таңдаймын. Мысалы, былтыр Түркияға жасаған сапарымызда шамамен 700 мың теңге кетті. Бұл қаржыға бірнеше қаланы аралап, толыққанды әсермен оралдық, - деді ол.

Саяхаттаудың адам өміріне әсері орасан. Кейіпкеріміздің сөзінше, жаңа жер көру – тек демалу емес, адамның өмірін ұзартып, ой-өрісін кеңейтеді.

- Жаңа таныстар, мәдениеттер, әсерлер адамды жаңаша ойлауға, шығармашылыққа жетелейді. Сонымен қатар саяхат денсаулыққа да пайдалы. Өйткені жол жүрген адам уайымға емес, қуанышқа толы күйде болады, - дейді Толқын Абдрахманова.

Толқын ханымның байқауынша, соңғы жылдары қазақстандықтардың шетелге шығу белсенділігі артқан. Бұл – халықтың саяхат мәдениеті қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Сонымен қатар ішкі туризм де жақсы дамып келеді. Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай мен Бұқтырма жаз айларында туристерге лық толы. Жаңа демалыс орындары ашылып, қызмет көрсету сапасы да жақсарып келеді.

Қызықты сәттер мен өмірлік кеңестер

Әр сапар өзіне тән әсер қалдырады. Тіл білмеу, әрине, кей жағдайда кедергі болуы мүмкін, бірақ саяхатта шынайы қарым-қатынас бәрінен маңызды. Бірде тіл білмейтін қатысушы бассейн туралы сұрай алмай, ыммен түсіндіруге тырысқан. Бірақ дәл осы адам кейін түрлі елде таныстық орнатып, қызықты әсермен оралған.

- Мынандай бір қызық жағдай болған. Бізбен бірге саяхаттауға қызы мен анасы шықты. Содан олар бассейн сұрамақшы болады. Қызы ағылшын тілін жақсы біледі, бірақ ол енді бастаймын дегенше анасы қолымен ымдап сұрап алды. Сонда бәріміз күлгенбіз. Ол кісі ағылшын тілін күшті білмесе де Испания, Германияда көп адаммен танысып алды. Міне, саяхат деген осылай, - дейді Толқын Абдрахманова

Саяхаттағысы келетін жандарға Толқын ханым үш негізгі кеңес береді:

Жоспар құрыңыз. Нақты мақсат қойып, ақша жинауды бастаңыз. Несиеге саяхаттау дұрыс емес.

Тіл үйреніңіз.Ең болмаса базалық ағылшын тілін меңгеру сізге сенімділік береді.

Сапарлас адам маңызды. Белсенді, өмірге құштар, көңілді орта сапарыңызды есте қаларлық етеді.

Саяхат – тек жер көру емес, жан дүниені байыту, өмірге жаңа дем берудің бір жолы. Толқын Абдрахманова сияқты жандар – соның нақты дәлелі.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив