Еліміздің коммуналдық желілерін жөндеуге 6,8 трлн теңге қажет. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополиялады реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ол коммуналдық желілерді жаңғырту апаттар санын айтарлықтай қысқартып, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйін технологиялық деңгейге дейін жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты. Осы орайда комитет басшысы «әбден тозығы жеткен» табиғи монополиялар субъектілерінің санына тоқталды.
- Еліміздің 11 өңірінде жылумен жабдықтау саласында 22 монополистің немесе субъектілердің жалпы санының үштен бірінің жылу желілерінің тозуы 65 пайыздан асады. Ең көбі Шығыс Қазақстан облысында – 4-еу, ал Ақмола, Қарағанды және павлодар облыстарында үш-үштен субъект бар, - деді Тимур Қосымбаев.
Электр энергетикасына қатысты ахуал да осындай. 46 субъектінің 18-інде электр желінің тозуы 70 пайыздан асады. Ал сумен жабдықтау саласында 26 субъект тәуекел аймағында тұрса, су бұру саласында 12 өңірдегі 24 субъектінің тозығы жеткен. Жалпы, елімізде коммуналдық желілердің жыл сайынғы табиғи тозуы шамамен 2-3 пайызды немесе 4-5 шақырымды құрайды.
- Мұның үстіне қолданыстағы инфрақұрылымдардың пайдаланғанына 50 жылдан асып кеткен. Инфрақұрылымның тозуымен тиімді күрес жүргізу үшін инженерлік желілер жөндеу жұмыстарын айтарлықтай ұлғайту қажет, - деді комитет басшысы.
Пікірлер