Ұлан ауданында дәстүрге айналған жыл сайынғы тамыз конференциясы биыл да жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Аудан ұстаздары Қасым Қайсенов кентіндегі мәдениет үйінде бас қосты. Жиын барысында білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, алдағы оқу жылына жоспарлар нақтыланды. Конференцияның биылғы тақырыбы “Білім келешегі – Адал азамат, кәсіби маман” деп аталды. Бұл ұран ұстаздар қауымының қоғам алдындағы жауапкершілігін айқындап, жас ұрпаққа сапалы білім мен тәлім-тәрбие беру жолындағы ең басты міндетті тағы бір мәрте еске салды.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, бүгінде Ұлан ауданында 32 мектеп, 11 балабақша және екі қосымша білім беру орталығы жұмыс істейді. Әрбір білім ошағында оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыру, заманауи әдістемелерді енгізу және ұстаздардың кәсіби құзыреттілігін дамыту басты назарда.
– Бүгін ауданымыз үшін ерекше күн. Жылдағы дәстүр бойынша барлық ұстаздарды жинап, тәжірибе алмасып, бір-бірімізден үйренетін сәт туды. Қазіргі таңда аудандағы білім беру ұйымдары толыққанды жұмыс істеп тұр. Әсіресе, жас мамандардың қатары артып келеді, – деді бөлім басшысы Ринат Ерболұлы.
Жиын барысында мұғалімдер тек пікір алмасып қана қоймай, мектеп оқушыларының қолынан шыққан бұйымдар көрмесін тамашалады. Әрбір білім ордасынан келген шәкірттер өздерінің еңбектерін көпшілікке ұсынып, шығармашылық қырларын танытты.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында Ұлан ауданында 500-ге жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда біршама артып отыр. Бұдан бөлек, жиын соңында мектеп ұстаздарына аудан әкімі Алғыс хаттар табыстады.
Тамыз конференциясы – ұстаздар үшін ой-пікір алмасып қана қоймай, жаңа оқу жылына тың серпінмен қадам басуға жол ашатын маңызды алаң болды.
Пікірлер