Конституция күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуымен “Өскемен өнімі” көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Көрменің негізгі мақсаты – сапалы отандық өнімдерді насихаттау, серіктестік байланыстарды нығайту және өңірдегі кәсіпкерлік бастамаларды дамыту. Шара аясында өндірушілер өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, тұтынушылар мен мемлекеттік құрылымдар арасында ашық диалог алаңын қалыптастырды.
– Біздің компания көшені жарықтандырумен айналысады. Негізгі зауыт Алматыда орналасқанымен, Өскеменде де филиалымыз бар. Біз орындықтар мен қоқыс жәшіктері сынды өнімдер шығарамыз. Мұндай көрмелер бізге жаңа таныстар тауып, серіктестікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өзге өндірушілердің де өнімдерімен танысуға жол ашады, - деді “TEKLED” компаниясының менеджері Руфат Сембаев.
Ал “КазСемЖесть” ұйымының шығармашылық жетекшісі Айжан Токпаеваның айтуынша, мұндай шаралар кәсіпкерлерді қолдауда үлкен маңызға ие.
– Біз өнімдерімізді металдан, қаңылтырдан дайындаймыз. Үш құрбы болып осы істі бастағанымызға бір жыл болды. Қазіргі таңда Өскеменмен қатар Семей, Астана, Алматы қалаларына да тауар жеткіземіз. Сапаның жоғары болуына байланысты тұтынушыларымыздың қатары артып келеді, – дейді ол.
Айта кетейік, “Өскемен өнімі” көрмесіне 100-ден астам жергілікті тауар өндірушілер қатысты. Олар тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, жиһаз жасау, ауыл шаруашылығы және оны қайта өңдеу, қолөнер мен кәдесый өнімдерін шығару салаларын қамтиды.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Фотосурет автордікі
Пікірлер