ҚР Ата Заңының 30 жылдығы мен қала күніне орай шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Үлбі жағалауында «Jan ana» көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Ана – ұрпақтың шамшырағы» атты шара ұйымдастырылды. Кеш барысында көпбалалы аналардың қоғамдағы орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі ерекше атап өтіліп, «Ана – өмірдің шамшырағы» деген халық даналығы тағы бір мәрте дәлелденді.
Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит құттықтау сөзінде:
– Осы кешке ұйытқы болған «Jan ana» бірлестігінің мүшелеріне зор алғыс білдіреміз. Ата заңымыздың 30 жылдығы мен сүйікті қаламыздың туған күні құтты болсын! – деді.
«Казцинк» компаниясының қолдауымен өткен шара аналар шеруімен басталып, №35 мектептің жеті жасар оқушысы Айзере Маратқызының биімен жалғасты. Сондай-ақ өнерпаз жастардың концерті, аналарға арналған сән байқауы ұйымдастырылды.
Жағалауға жиналған жұрт сахнадағы әншілерге қосылып, би билеп, қос мерекенің шаттығын бірге тойлады.
Пікірлер