
Қос мереке тойланды: Өскеменде Конституцияның 30 жылдығы мен қала күні қалай атап өтілді?
Биыл облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары елдің басты құжаты – Ата заңның 30 жылдығы мен шаһардың төл мерекесі – Қала күнін кең көлемде, ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Екі тарихи датаға арналған шаралар бірнеше күнге созылып, думанды бағдарламалар қаланы ерекше мерекелік көңіл-күйге бөледі. Орталық алаңда концерттер мен спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Балаларға арналған ойын-сауық алаңдары жұмыс істеп, жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұдан бөлек, қала әкімі Алмат Ақышовтың қатысуымен жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлады
Қала әкімдігінің ақпаратынша, қос мерекені тойлау 24 тамыздан басталып, 2 қыркүйекке дейін жалғасты. Осы ретте Конституцияның 30 жылдығының тарихи маңызын атап өтуге мүмкіндік беретін 30-дан астам іс-шара қолға алынды.
Облыс орталығындағы 5 LED-экран мен 8 медиа тақтаға, сауда орталықтарына арнайы логотиптер қойылды. Қала көркін Ертіс көпіріндегі 100, Жеңіс көшесінің бойындағы 50, Үлбі көпіріндегі 40 жалау аша түсті.
Ал 25 тамызда Әл-Фараби даңғылынан бастап негізгі көшелерде велошеру өтті. Республика алаңында «30» саны пішінінде қойылған техникалар көрмесі ұйымдастырылды.
Келесі күні «Казцинк» ЖШС демеушілігімен Арбатта Көше мәдениетінің фестивалі өтті. Онда түрлі жарыстар мен ойындар ұсынылды. Бұдан бөлек, концерттік бағдарлама, караоке, би кеші, қолөнер шеберлерінің көрмесі мен шеберлік сыныптары, «Арбаттағы суретшілер» өнер кеңістігі, фудкорт болды.
Сондай-ақ шаһардағы шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуымен «Өскемен өнімі» көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің негізгі мақсаты – сапалы отандық өнімдерді насихаттау, серіктестік байланыстарды нығайту және өңірдегі кәсіпкерлік бастамаларды дамыту. Шара аясында өндірушілер өнімдерін таныстырды. Көрмеге 100-ден астам жергілікті тауар өндіруші қатысты.
Бұдан бөлек, өскемендіктер сүйікті ойындарының бірі - футболдан өткен турнирге куә болды. Футбол аламаны қаланың көрікті орындарының бірі, Комсомол аралындағы алаңда өтті. Жарысты қала әкімдігі қолға алып, 7 команда шеберліктерін ортаға салды.
Сайыс екі күн бойы өтті. Финалда жеңімпаз атанған командаларға бағалы сыйлықтар мен естелік кубок табысталады.
27 тамызда «Жастар» саябағында облыстық Драма және оперетта театры әртістерінің ашық аспан астындағы мерекелік концерті өтті. «Опереттаның жұлдызды сағаты» классикалық музыка кешіне жиналғандар әлемдік және отандық музыканың таңдаулы туындыларын тыңдады.
Қос мерекені атап өту аясында алғаш рет қазақы тазы тұқымдары арасында «Шырға тарту» жарысы ұйымдастырылды. Дода Ахмер ауылының жазығында өтіп, тазылар бір шақырымдық қашықтықта бақ сынады.
Ал 28 тамызда Достық үйінің алаңында ретро-кеш ұйымдастырылды. Оның басты ерекшелігі - 1980, 1990 және 2000 жылдар стилінде өтуі. Кеш барысында танымал ретро әндер шырқалып, түрлі буын өкілдері ашық аспан астында би биледі.
Мерекелік кештің тағы бір қызықты бөлімі - ретро автокөліктер көрмесі. Жиналған жұрт сирек кездесетін «Волга», «Жигули» сияқты көліктерді тамашалап, суретке түсіп жатты. Сондай-ақ әр жылдардың сәніне сай киінген қатысушылар сахнада өз образдарын паш етіп, сәнқойлар арнайы марапаттарға ие болды.
Былтыр ашылған Үлбі жағалауында «Jan ana» көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Ана – ұрпақтың шамшырағы» атты шара ұйымдастырылды. Кеш барысында көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді.
Бұдан бөлек, дәстүрге айналған «Oskemen qalaysyn» интерактивті ойын-сауық кеші биыл төртінші жыл қатарынан өткізілді. Қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда қарағанда әлдеқайда көп болды. Кеш барысында 20-ға жуық түрлі ойын-сауық ұйымдастырылды. Қатысушылар ақ түсті киім киіп, көтеріңкі көңіл-күйде болды.
Отандық эстрада жұлдыздары келді
Басты мерекелік шара 30 тамызда Республика алаңында өтті. Концерттік бағдарлама әдеттегідей ән мен күйге толы концерттік бағдарламамен басталды.
Сахна төріне көтерілген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиналған жұртшылықты айтулы күнмен құттықтап, елдік пен бірліктің мәнін атап өтті.
- Құрметті жерлестер! Баршаңызды ҚР Конституциясының 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Ата Заңымыз – Тәуелсіз Қазақстанның берік құқықтық негізі, елдігіміздің айнымас тұғыры. Онда адам өмірі мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде айқындалған. Конституциямыз саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, демократиялық қағидаттарды орнықтырды. Ол – мемлекет дамуының басты бағдары, – деді аймақ басшысы.
Мерекелік шара аясында бал фестивалі ұйымдастырылды. Мұнда өңірдің түкпір-түкпірінен келген ара өсірушілер өз өнімдерін ұсынып, табиғи балдың сан түрін көпшілікке ұсынды.
- Біз Үлкен Нарын ауданынан келдік. Бұл кәсіппен айналысқаныма 15 жылдай болды. Бүгінгі жәрмеңкеге балдың бірнеше түрін әкелдік. Бағасы 3000 теңгеден басталады. Мұндай шаралар халықтың көңілін көтеріп қана қоймай, кәсіпкерлер үшін де үлкен мүмкіндік береді. Жыл сайын сұраныс артып келеді, - дейді кәсіпкер Ануар Мусобаев.
Сонымен қатар алаңда қолөнершілер жәрмеңкесі де өтті. Шеберлер жасаған ұлттық нақыштағы әшекей-бұйымдар мен тұрмыстық заттарға қызығушылар көп болды.
Мерекелік бағдарламаның ең қызықты сәттерінің бірі – дәстүрлі күш сынасуға арналған «Өскемен батыры» сайысы. Байқауға Шығыс Қазақстан өңірінің мықтыларымен қатар, көршілес Абай облысынан да спортшылар келіп қатысты. Сайыс құрметті қонағы ретінде күш сынасудан рекорд орнатқан актер әрі меценат Сергей Валерьевич шақырылды.
Жарыс төрт кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар 100 келілік ағашты көтерсе, келесіде 120 келілік дөңгелек домалатып, тіпті автобус сүйреді. Батырлардың күш-жігерін тамашалауға жиналған халық ерекше ықылас танытты.
Мерекенің шарықтау шегі – шаһар тұрғындары мен қонақтар үшін дайындалған кешкі концерт. Алдымен жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар ән мен биден шашу шашты. Кейін көпшілік тағатсыздана күткен әншілер өнер көрсетті. Олардың қатарында ALEM, JAZZDAUREN, Сейфуллин Жолбарыс, Ғазизхан Шекербеков, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Диана Исмаил, Ажар Назар, Ақтоты Болшова, Жігер Ауыпбаев бар.
Ал мерекелік кеш жарқын әрі есте қалар отшашумен аяқталды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер