
Тойбастар – қазақтың бай рухани мұрасының айшықты бір бөлшегі, ұлттық той дәстүрінің мәні мен сәнін келтіретін ерекше өнер. Қазіргі заманда бұл саланы жаңғыртып, заман талабына сай жаңа тыныс беріп жүрген жандар аз емес. Солардың ішінде ерекше көзге түсері – Шынар Сағымбекқызы. Ұстаздықтың ұлы жолынан шығып, шығармашылық пен кәсіпкерлікке батыл қадам басқан ол, қазақы дәстүрдің жаңғыруына өзіндік үлесін қосып келеді. Ол тек тойбастарды ұйымдастырып қана қоймай, әрбір ісіне жүрегімен қарап, ұлттық нақыш пен заманауи стильді ұштастыра біледі. Ендеше, оның кәсіп жолы мен кәсіптегі қиындықтары туралы толығырақ сұхбатта, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Қай жердің тумасысыз? Бұл кәсіппен қашаннан бері шұғылданасыз?
- Мен – Катонқарағай өңірінің тумасымын. Білімім бойынша мамандығым – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Ұстаздық жолда еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған соң өз мүмкіндігімді басқа салада сынап көргім келді. Осылайша, шығармашылық қабілетім мен іскерлік қызығушылығымды ұштастырып, жеке кәсібімді ашуға бел будым. Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысып жүргеніме 5 жылға жуық уақыт болды. Бұл жолда түрлі қиындықтар мен жетістіктерді бастан өткеріп, өз ісімнің қыр-сырын меңгеріп келемін.
-Тойбастар жасауды неден бастадыңыз?
- Өзім бала кезімнен тоқыма тоқу ісіне қызығатынмын. Сол қызығушылық менің бойымда шығармашылыққа деген махаббатты оятты. Ұстаздықтан кеткен соң өзіме жаңа жол іздеп, базарда сауда-саттықпен айналыстым. Кейін сұлулық салонын ашып, кәсіпкерлік жолындағы алғашқы қадамдарымды бастадым. Бірақ уақыт өте келе, бұл салаларда бәсекелестік жоғары екенін, ал менің өз жолымды табуым қажет екенін түсіндім. Сол кезде ойыма осы өңірде әлі дамымаған, жоқ нәрсені іске асыру керек деген идея келді. Осылайша нарықты зерттеп, адамдардың қажеттіліктерін саралай отырып, өзгеше әрі сұранысқа ие кәсіп бастауға бел будым.
- Жалпы тойбастар дегеніміз не? Оның маңызын қысқаша түсіндіріп өтсеңіз.
- Тойбастар ісін Шығыс Қазақстанда алғаш бастап, негізін қалаған менмін. Алайда бұл бұрын тойбастар болмады деген сөз емес. Ата-әжелеріміздің тойдан әкелетін сарқыты, "тыштыма" деп аталатын дәмі — соның бәрі тойбастардың бір бөлігі. Мен осы ұмытыла бастаған дәстүрді жаңғыртып, заманауи үлгіде дамытуға тырыстым. Қазіргі таңда тойбастар екі нұсқада дайындалады. Біріншісі — ішіне салынатын тәтті-дәмді, сусын, ет, жеміс-жидек, киім-кешек, қоржын сынды заттар. Екіншісі — сол сыйлықтарды салуға арналған арнайы безендірілген себеттер. Бірақ көпшілік бұл дәстүрдің терең мағынасын толық түсіне бермейді. Кейбірі тек себетке тәтті мен сусын салып апару жеткілікті деп ойлайды. Негізінде, сен себет апармасаң да болады, бірақ қоржын — тойбастардың басты нышаны ретінде міндетті түрде болуы керек. Өйткені ол — құр қол бармай, ниет пен ықыласты жеткізудің, дәстүрге деген құрметтің көрінісі.
- Тапсырыстар қалай келеді?
- Кәсіптің алғашқы қадамдарын таныстарым арқылы жарнама жасап, клиент тартудан бастадым. Біреуінен біреуі естіп, ауыздан-ауызға тарап, алғашқы тапсырыстар түсе бастады. Кейін әлеуметтік желіні белсенді жүргізіп, парақшамды дамытуға ден қойдым. Нәтижесінде қазір адамдар өздері іздеп тауып, хабарласып жатады. Арасында той-томалақ бола қалса, арнайы маған келіп, тек менің қолымнан алатын тұрақты клиенттер де қалыптасты. Осы жолда өзім жиі қолданатын бір қарапайым, бірақ өте тиімді лайфхак бар. Мен кейбір келушілерге арнайы сыйлық ретінде бір себет немесе бір қоржын тарту етемін. Бұл — клиенттің көңілінен шығудың, оны өзіме тартудың, қызығушылығын арттырудың және қайта келуіне жол ашудың бір тәсілі. Осындай кішкентай, бірақ шынайы сыйлықтар клиентпен арадағы сенімді қатынасты нығайтып, бизнесті дамытудың мықты құралына айналады.
- Кәсіп бастауда қандай қиындықтар болды және оны қалай жеңдіңіз?
- Әрине, әр адамның өз жолы, өз таңдауы мен құпиясы бар. Мен де өз өмірімде күрделі шешімдер қабылдадым. Білім саласынан кетіп, сұлулық салонын ашқан кезімде оңай болған жоқ. Қиындықтар көп кездесті. Ең жақын адамдарым да бастапқыда түсіне қоймады. Анам тіпті ренжіп, “Бетім-ай, елге не деп айтамын?!” — деп қынжылған еді. Бірақ мен алған бетімнен қайтпадым. Қолыма алғаш рет 100 000 теңге пайда түскенде, сол табысымды анама көрсеттім. Сол сәтте ғана анамның көңілі орнына түсіп, менің шешімімді қабылдады. Себебі, балабақшада жұмыс істеп жүргенде бар болғаны 34 000 теңге айлық алатынмын. Бұл — мен үшін үлкен өмірлік сабақ болды.
Сән салонынан кетіп, бүгінгі тойбастар кәсібіне келгенде де кедергілер аз болмады. Көп адам сенімсіздікпен қарап, ауыр сөздер айтты. “Сен істей алмайсың, қолыңнан түк келмейді” дегенде, ішімнен: “Неге мен істей алмаймын? Оларда бар екі қол мен екі аяқ менде де бар ғой” деп, бәріне қарамастан, алға жүре бердім. Қолымды бір сілтеп, жүрегімнің қалауын тыңдап, осы істі бастадым. Бүгінде сол шешімімнің дұрыс болғанына көзім жетті.
- Бір тойбастар жасау процесі қанша уақыт алады?
- Қазіргі таңда тойбастар себеттерінің түрі көп. Ағаштан жасалатындары да бар, қағаздан құрастырылатындары да бар. Кейбіріне мата қаптап, ерекше сән береді. Нақты бір үлгімен шектелмейміз — тапсырысқа қарай әртүрлі дизайнда жасаймыз. Түрлі материалмен жұмыс істеу оңай емес, бірақ тәжірибе жинаған соң бәрі қалыпты процеске айналады. Бүгінде мен үйреткен қыздарым бір күнде 30 себетке дейін жасап шыға алады.
- Баға жағы қалай? Қолжетімді ме?
- Біз ұсынатын тойбастар себеттерінің бағасы Алматының нарық бағасымен бірдей. Бастапқы бағасы 1 000 теңгеден басталады, ал ең қымбат, ерекше безендірілген түрлері 30 000 теңгеге дейін жетеді. Тапсырысты кез келген мерекеге, қуанышқа орай арнайы дайындап, ерекше көңілмен жинап жібереміз. Қазақстанның қай түкпірінде болмасын — Қазпошта, такси немесе курьер арқылы жеткізе аламыз.
- Ең ерекше немесе есте қалған тойбастар тапсырысы қандай болды?
- Әр клиент — бір оқиға, әр тапсырыс — бір естелік. Кейбіреулері ерекше сәттерімен есте қалады. Көбісі мақтанғанды жақсы көреді. Бірде бір кісі келіп:
«Қалың малға 2 миллион теңге беретін едім, сенің андағы әмияныңа сыя ма?» — дейді. Бұл, әрине, ішіндегі сөзін айтып қалғысы келген адамның әңгімесі. Тағы бір қызығы — көп адам не салу керек екенін нақты білмейді. "Қалай істеген дұрыс? Не салсақ болады?" деп тұрып қалады ойланып. Соның ішінде қазіргі жастардың бір бөлігі қоржын алғысы келмей, жай ғана әдемі себетке тәтті мен сусын, кейде тіпті арақ-шарап салып апара салғысы келеді. Тіпті ет салуға да ерінеді. Ал менің айтатыным — нағыз тойбастарда міндетті түрде екі жақты қоржын болуы керек. Бұл — ертеден келе жатқан дәстүр. Оның астарында үлкен мағына жатыр: "Құдалар тең болсын", "екі жақтың да мәртебесі бірдей" деген ой жатыр. Қоржынның ішіне жоқ дегенде 7 метрлік мата салынуы керек. Бұл — "балаңның жолы жеті жерден ашық болсын" деген ниетпен жасалады. Сондықтан, келін түсіріп, ұл өсіріп, үлкен той жасағысы келетін аналарға айтарым — дәстүрге жеңіл қарауға болмайды. Құдаластың жолы дұрыс басталса, арты да берекелі болады.
- Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
- Шынын айту керек, бәрі келіп ақшаға тіреледі. Бұл кәсіпті бастағанда қалтамда небәрі 15 мың теңге ғана болды. Сол ақшаға екі түрлі мата, он тал желім, бір желім пистолет сатып алып, алғашқы қадамымды жасадым. Барлығы да кішкентайдан басталды. Күндіз ойланып, түнде жасап, тапсырыстарды уақытында дайындап, солай-солай дамып, бүгінгі деңгейге жеттік. Әрине, бұл жолда оңай болған жоқ. Бірақ талпыныс, ниет пен еңбек бәрін жеңді. Қазір басты мәселем — жұмыс істейтін адамдардың аздығы. Жастардың көбі дайын дүниеге үйреніп қалған, қол жұмысын қиынсынады. Кадр мәселесі шешілсе, қалғаны өз уақытымен бола жатар деп ойлаймын.
- Жаңа бастаған кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
- Мен осындай адаммын: ешкімнің дүниесіне тимеймін, өзіне тиіскенін де кешірмеймін. Жағымсыздықты мен де қабылдамаймын. Кәсібімнің бастауын жасап, өз жолымды қалыптастырдым, бірақ ешкімге оны толықтай көшіріп, қайталауға рұқсат бермеймін. Өйткені әр адамның несібесі — өз жолымен келеді. Алла әрқайсымызға әртүрлі мүмкіндіктер береді. Сондықтан барлығына кеңесім — кез келген істі бастамас бұрын, алдымен көп нәрсені көріп, үйреніп, зерттеу керек. Әйтеуір ішінен өзіңе сай, ерекше бір нәрсе табасың. Сол арқылы ғана нағыз өз жолыңды табасың.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер