Облыс орталығында WorldSkills әлемдік кәсіби шеберлік чемпионатының іріктеу кезеңі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Шараның мақсаты – студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіру, тәжірибеге бағытталған оқыту сапасын арттыру және WorldSkills халықаралық стандарттарын білім беру жүйесіне енгізу. Арбитраж және бақылау жөніндегі жұмыс тобын Тяньцзинь кәсіби институтының автомобиль жасау инженерлік факультетінің деканы Ли Хайбинь басқарды.
– Бүгін Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «Лу Бань» шеберханасы базасында колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында WorldSkills әлемдік кәсіби шеберлік чемпионатының «Автомобильдерді техникалық қызмет көрсету және жөндеу» құзыреттілігі бойынша іріктеу туры өтуде. Бұл сайыс - кәсіби шеберлікті арттыруға, техникалық білімді жетілдіруге тамаша мүмкіндік. Бұл - тек жарыс қана емес, болашақ мамандардың кәсіби өсуіне қолдау жасау. Білім мен тәжірибенің, ізденіс пен еңбектің тоғысқан ордасы. Сайысқа облыс колледждері және жоғары оқу орындарының студенттері қатысуда. Бұл біз үшін зор мәртебе және үлкен мүмкіндік, – деді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың басқарма төрағасы Сәуле Рахметуллина.
Сондай-ақ жұмыс тобының құрамында Тяньцзинь кәсіби институтының мамандары мен «Аллюр», «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» компанияларының өкілдері бар.
– Жарыс барысында ережелерді қатаң сақтау маңызды. Екіншіден, кәсіби дамудың нәтижесін, білім мен тәжірибені алмасуды қамтамасыз ету қажет. Үшіншіден, қатысушылардың еңбегін әділ бағалау - басты назарда, – деді техникалық директор Мақсат Жексембаев.
Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша үздік деп танылған студенттер аймақ намысын халықаралық деңгейде қорғайды. WorldSkills әлемдік чемпионаты осы жылдың қазан айында Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтеді.
Пікірлер