Тұрғындар сөзінше, қазір мұндағы бала саны едәуір артып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Реттілікпен микрофон алған тұрғындардың бірі тым құрығанда спорт залы бар бастауыш мектеп бой көтерсе дейді. Қала әкімі Алмат Ақышовтың сөзінше, бәрі оны жобалау мен қаржыландыруға келіп тіреледі. Осы ретте қалалық білім бөліміндегілер ресми статистика келтіріп, мұндай құрылыстың қажеттілігі бар ма, жоқ па екенін айтты.
- Бүгінде бұл ықшам ауданда 268 бала бар. Олар қаланың әр түкпірінде оқиды. Білім басқармасы бұдан хабардар. Жалпы, мектеп салынуын бәрі күтіп жүр. Ендігі сұрақ сол, қанша орынға арналған мектеп салынуы тиіс? Туу көрсеткіші де қуантады. Әсіресе, 2019 жылдан бері күрт өсті. Осыны ескерсек, бұл жаққа 300 орындық мектеп керек, - деді білім бөлімінің басшысы Думанғазы Арынғазин.
Жауапты тұлғалар осыған дейін “Жайлы мектеп” деп аталған жобаны мысал етті. Айталық, Бабкина мельница ауданындағы 300 орындық мектеп құрылысына 5 млрд теңгедей жұмсалған.
- Бұл аз сома емес, бірақ жұмыс істейміз. Шағын аудандарға жарайтын типтік мектеп деген. Бірақ ол 100-150 орынға шақталған. Шығыны аз. Нақты істеймін деп уәде бермеймін, бірақ жұмыс атқарылады, - деді қала басшысы.
Пікірлер