Ұлан ауданының басшысы Арман Бекбосыновтың жаңа орынбасарлары болып Рустам Сәдуақасов пен Маделхан Піржанов тағайындалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Рустам Семейбайұлы 1985 жылы Зайсан ауданына қарасы Дайыр ауылында дүниеге келген. Үш жоғары білімі бар: 2007 жылы Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-ды, 2013 жылы Шығыс Қазақстан өңірлік университетінен «Экономика және бизнес бакалавры» мамандығы бойынша, 2018 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетінен «Заң бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдады.
2024 жылдан осы уақытқа дейін Ұлан аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін басқарды.
Енді ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, жер қатынастары мәселелеріне жауапты.
Аудан басшысының тағы бір орынбасары Маделхан Мәдібекұлы 1992 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2014 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтады.
Бұған дейін ШҚО әкімі аппаратының Терроризмге қарсы комиссиясының қызметін қамтамасыз ету бөлімінің бас инспекторы болып еңбек етті.
Жаңа қызметінде Маделхан Піржанов жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт, ішкі саясат мәселелері бойынша жұмыс істейді.
Пікірлер