5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай облыс орталығында «Тіл – рухани қазына» деген атаумен ауқымды шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Онда жергілікті қолөнершілер өз бұйымдарын ұсынса, ШҚО музей-қорығы «Қазақстанның өрнекті мұрасы» атты ұлттық кілемдер көрмесін ұйымдастырды. «Бір шаңырақ астында» тақырыбындағы халықтық ұлттық костюмдер көрмесі де жұрт назарына ұсынылды. Арнайы сахна құрылып, жанды дауыста әндер шырқалды. Шараға аймақ басшысының орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды арнайы марапаттады.
— Өздеріңізге белгілі, Қазақстан халқы тілдері мерекесі 5 қыркүйекте атап өтіледі. Бұл күн – қазақ әліпбиінің атасы, ұлттық лингвистиканың негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келеді. Бұл – жай сәйкестік емес. Біз бұған өте қуаныштымыз. Ұлт ұстазының мына бір сөзі орынды: «Ұлттың сақталуына да, жойылуына да себеп болатын бірден-бір нәрсе – тіл». Сондықтан тіл мерекесі – біз үшін ерекше маңызды, – деді Ербол Жолдаспекұлы.
Шараға келген қонақтар тың ақпарат алып, естелік суретке түсіп жатты.
— Бүгін – Қазақстан халқы тілдері күні. Осыған орай ШҚО Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен кең көлемді шара қолға алынды. Мұнда түрлі көрмелер ұсынылып, қызықты ойындар өткізілуде, — деді ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов.
Кеш қазақ тіліндегі Quiz ойынымен жалғасты. Тартысты өткен интеллектуалды ойынға 40-қа жуық команда қатысты. Жүлделі 1, 2 және 3 орындарға сәйкесінше 300, 200 және 150 мың теңгелік сертификаттар табысталды. Ал үздік ондыққа енген командаларға 50 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар берілді.
Пікірлер