Бұл туралы баспасөз туры барысында оқу орнының директоры Исатай Исин мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жаңа мамандықтардың бірі дрон технологиясына қатысты. Студенттер дронды басқару, техникалық қауіпсіздік, бағдарламалау сияқты дағдыларды меңгереді. Оқу мерзімі — 1 жыл. Қазіргі таңда бұл бағдарлама бойынша 41 студент білім алуда. Колледж Алматы энергетика және байланыс университетімен (AUES) серіктестікте жұмыс істейді, яғни колледж түлектері әрі қарай жоғары білім алуға мүмкіндік алады.
– Дрон технологиясы – қазіргі қоғамға аса қажет сала. Әсіресе бұл құрылғылар ядролық, төтенше жағдай қызметтерінде, ауыл шаруашылығы мен экологияда кеңінен қолданылады. Сондықтан аталған бағыт болашақта сұранысы жоғары мамандықтардың бірі болмақ, – деді Исатай Исин.
Колледжде өткен баспасөз турының мақсаты — техникалық және жұмысшы мамандықтарға оқытатын колледждердің жұмысын таныстыру, жетістіктерімен бөлісу. Шара барысында колледждердің негізгі мамандықтары, оқу үдерісі мен өндірістік серіктестіктері туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Колледж базасында қазіргі заман талабына сай FESTO мехатроника орталығы, электроника, IT, жылу энергетикасы, баламалы энергетика, робототехника кабинеттері жұмыс істейді. Мұнда студенттер түрлі заманауи жабдықтармен жұмыс істеп, технологияны терең меңгеруге мүмкіндік алады. Мәселен, робототехника саласында студенттер өз бетімен робот құрастырып, оны бағдарламалай алады.
- Сондай-ақ біздің білім алушылар шаруашылыққа арналған дрон жасап шығарды. Ол кең аумақты қамтып, экран арқылы бақылау жүргізумен қатар, суды шашып суару қызметін де орындайды. Осындай практикалық жобалар арқылы студенттер кәсіби біліктіліктерін шыңдап, түрлі халықаралық байқауларға қатысып жүр. Мәселен, WorldSkills Kazakhstan 2024 байқауында «Электроника» және «CAD инженерлік графика» құзыреттері бойынша 1 орын, «Мехатроникадан» 2-орын, «Электромонтаж жұмыстары» бойынша 3 орын алды. Студенттеріміз тек байқауларда ғана емес, өндірістік ортада да өз білім-біліктерін дәлелдеп, нағыз кәсіби маман ретінде қалыптасып келеді, – деді колледж директоры.
Бүгінде мұнда 1100-ден астам студент оқиды. Оқу орны 15 сұранысқа ие мамандық бойынша кадрлар даярлап, жыл сайын 400-ге жуық түлекті өндіріске жібереді. Түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші шамамен 80%-ды құрайды. Сонымен қатар облыстағы ірі кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатылған.
Пікірлер