2030 жылға қарай елде ірі қара мал саны 12 млн-ға, ұсақ мал басы 30 млн-ға жеткізіледі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
— Мал шаруашылығы саласын тұрақты дамыту үшін жеке Кешенді жоспар әзірленетін болады. Бүгінгі күні мал шаруашылығында тек бордақылау алаңдары үшін айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген кредит беру ғана қарастырылған. Алайда ол шектеулі болып табылады және саланың қажеттілігін толық қамтамасыз етпейді. Жаңа бағдарламада нақты шаралар мен оларды қаржыландыру көздері айқындалады, соның ішінде екінші деңгейлі банктердің инвестицияларын тарту есебінен жүзеге асырылатын келесі бағыттар қарастырылған, — деді министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, банктерден мына бағыттарда қаржы тартылады:
1. 5%-дық жеңілдетілген кредит беруді тауарлық шаруашылықтарға, құс фабрикаларына және өзге де бағыттарға кеңейту;
2. Ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымды мал басын сатып алуға арналған «ұзақ мерзімді» жеңілдетілген қаржыландыруды енгізу;
3. «Даму» институты арқылы қамту деңгейін 80%-ға дейін кепілдік беру тетігін енгізу.
— Қаржылық қолдаудан бөлек, сала қызметкерлерінің отбасылары үшін қосымша әлеуметтік жеңілдіктер ұсыну көзделеді. Осы шаралардың іске асырылуы нәтижесінде 2030 жылға қарай ірі қара мал басын 12 млн басқа дейін, ұсақ мал
басын 30 млн-ға дейін ұлғайтуға, ішкі нарықты қамтамасыз етуге және ет экспортын 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді, — деді Айдарбек Сапаров.
Пікірлер