
Шеткері ауданның шырайы кіре ме?: Өскемен іргесіндегі тұрғындар Алмат Ақышовқа бірқатар мәселенің басын ашты
Қала басшысы Алмат Ақышов өткен жұмада «Арматурный» ықшамауданы тұрғындарымен кездесіп, түрлі сауалға жауап берді. Жиын кезінде әкім болып тағайындалғанына көп уақыт бола қоймағанын, сол себепті есеп беретіндей ақпарат жиналмағанын жеткізді. Көпшілік көтерген мәселе – қоғамдық көлік, мектеп құрылысы, тазалық және тағы басқасын қамтыды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қар тазалаудың қиындығы
Мұндағы жұрт алдымен тазалыққа мән берілуін орынды санады. Айталық, Свобода көшесі маңында биіктеп өскен арамшөпті шабу шала-пұла атқарылған. Сол үшін Алмат Талғатұлынан жиірек келуін өтініп, қадағалап тұруына қолқа салды.
– Осыдан екі күн бұрын көше бойында арамшөпті шауып, тазалап кеткен болатын. Бірақ мұның бәрі көзбояушылық. Негізі, сізге мұнда жиі келу керек сияқты. Себебі, қыста мына жақтың қары мүлде күрелмейді, – деді өзін Свобода көшесі, 9 мекенжайында тұрамын деп таныстырған ер адам.
Алмат Ақышов осы сұраққа қысқа жауап берді. Бәрі көзбояушылық болса, жиірек келуге дайын екенін айтты.
– Қыста қар күреуге келсек, иә, уақтылы тазаланбайды. Техника аз, ақша жоқ. Шын айтсақ, қыс мезгілінде жолдарды тазалайды деп 15 техника әзірленеді. Бірақ Өскемен – аумағы жағынан Қазақстанда екінші орында тұр ғой деймін. Алдымызда тек Павлодар – 600 мың шаршы метр, Өскемендікі – 540 мың шаршы метр. Территория кең, жолдар ұзын, қар көп жауады. Әкімді сын садағына алсаңыздар болады, бірақ күні-түні жолдар тазартылып отырады. Барнаул қаласын мысал етсек, ол жақта 260 техника бар екен! Өзім болдым сол қалада, үлкен қала деп те айта алмаймын. Бұл тұрғыда Өскеменде қазір қиындықтар бары рас, – деп ағынан жарылды Ақышов.
Қала әкімдігі қазір арнайы техника сатып алу жағын ойластырып жатыр. Бәрі жақсы болса, биыл қыста жұмыс та молынан атқарылатын түрі бар. Свобода көшесі, 9 мекенжайына келсек, Алмат Талғатұлы мамандардың біріне барып, жағдаймен танысуға пәрмен берді. Шұңқырларды бітеу керек болса, күзде атқарылар жұмыс жоспарына енгізуді тапсырды. Қала басшысының сөзінше, ең алдымен шұңқырларды жамалады. Сосын «Арматурный» ықшам ауданы жұрты жаңбыр мен желде, аязда жаурамас үшін ескі аялдамаларды сүріп, оны жақсылап жөндеу қолға алынады. Мүмкіндік болса, жылы аялдама орнатылмақ.
– Автобустың жүру интервалы аралығы ұзақтығынан түрлі келеңсіздіктер болуы мүмкін. Негізі біз биылға 15 жылы аялдама сатып алдық. Онда 16-шы аялдама сатып алуға өтініш береміз. Үлгеріп кетсек, қыста орнатылады, – деді шаһар басшысы.
Мектеп салына ма?
Тағы бір жайт, «Арматурный» шағын ауданына 300 орындық мектеп керек. Тұрғындар сөзінше, қазір мұндағы бала саны едәуір артып келеді.
Реттілікпен микрофон алған тұрғындардың бірі тым құрығанда спорт залы бар бастауыш мектеп бой көтерсе дейді. Қала әкімі Алмат Ақышовтың сөзінше, бәрі жобалау мен қаржыландыруға келіп тіреледі. Осы ретте қалалық білім бөліміндегілер ресми статистика келтіріп, мұндай құрылыстың қажеттілігі бар ма, жоқ па екенін айтты.
– Бүгінде бұл ықшам ауданда 268 бала бар. Олар қаланың әр түкпірінде оқиды. Білім басқармасы бұдан хабардар. Жалпы, мектеп салынуын бәрі күтіп жүр. Ендігі сұрақ сол, қанша орынға арналған мектеп салынуы тиіс? Туу көрсеткіші де қуантады. Әсіресе, 2019 жылдан бері күрт өсті. Осыны ескерсек, бұл жаққа 300 орындық мектеп керек, – деді білім бөлімінің басшысы Думанғазы Арынғазин.
Жауапты тұлғалар осыған дейін «Жайлы мектеп» деп аталған жобаны мысал етті. Айталық, Бабкина мельница ауданындағы 300 орындық мектеп құрылысына 5 млрд теңгедей жұмсалған.
– Бұл аз сома емес, бірақ жұмыс істейміз. Шағын аудандарға жарайтын типтік мектеп деген. Бірақ ол 100-150 орынға шақталған. Шығыны аз. Нақты істеймін деп уәде бермеймін, бірақ жұмыс атқарылады, – деді қала басшысы.
Сәлден соң қоғамдық көлік тақырыбы айтылды. Мұндағы жұрт жалғыз №67 автобус қатынайтынын, күндізгі көп-көрім жүріп, кешке қарай уақыт интервалы 40-45 минутқа дейін созылатынын жеткізді.
– Осының салдарынан қыста тоңып, далада ұзақ уақыт күтуге тура келеді. Бұл ғана емес. Бұрын №229 шағын автобус қатынап тұрушы еді. Соны қосып берсеңіздер ғой? Желіден алынғанына 4-5 жылдай болды, – деді тұрғындар.
Қоғамдық көлік тақырыбы да әкімдік назарына алынды. Ал келесі жылы мұнда бір шағын футбол алаңы және балалар ойын алаңы орнатылмақ. Жалпы, жағдайды бақылауда ұстау үшін Алмат Талғатұлы «Арматурныйға» жарты жыл бір рет барып тұруға уәде берді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер