A+ A A-

talgatzhan 31 11-09-2025, 10:10 0

«Мисс Өскемен – 2025» Іңкәр Бауыржанқызы: «Өз есімімді естіген сәтте жүрегім жарылғандай күй кештім»

Бүгін / Өскемен / Сұхбат

Тамыз айының соңында облыс орталығында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Мисс Өскемен – 2025» сайысы өз мәресіне жетті. Бұл мәртебелі шараға 12 ару қатысып, өздерінің сұлулығы мен қабілеттерін ортаға салды. Қатысушылар алдымен кастингке қатысып, одан кейін түрлі сындардан сүрінбей өтіп, финалға шықты. Байқау нәтижесінде «Мисс Өскемен – 2025» атағы 18 жастағы Іңкәр Бауыржанқызына бұйырды. Сайт тілшісі Іңкәрмен әңгімелесіп, байқаудан алған әсері мен алдағы жоспарлары туралы сұрады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

- Іңкәр ханым, әңгімемізді бастамас бұрын туып-өскен жеріңіз туралы айта кетсеңіз…

- Ұлан ауданына қарасты Мамай батыр ауылының тумасымын. 2025 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Жоғары колледжінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алып, оны сәтті аяқтадым. Заң саласына деген қызығушылығыммен қатар, шығармашылық бағыттарда да өзімді дамытудамын. Қазіргі таңда визажист болып жұмыс істеймін. Бұл – менің сұлулық әлеміне деген сүйіспеншілігімнің бір көрінісі. Бос уақытымда сурет салып, би билегенді жақсы көремін. Сондай-ақ мектеп кезінен бастап қолөнерге әуестігім бар. Әсіресе, тоқыма бұйымдарын жасаумен айналысамын. Өз қолыммен тоқыған кілемшелерім республикалық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш.

 

- «Мисс Өскемен – 2025» байқауына қатысу туралы шешімді қашан және қалай қабылдадыңыз?

Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде түрлі шығармашылық байқауларға қатысып, әсіресе «Қыз сыны» секілді байқауларда өнерімді көрсетіп, көпшілік алдында өзін-өзі ұстау мәдениетін үйрене бастадым. Сол кезден бастап өзімді жаңа қырымнан танытып, ел алдына шығып, үлкен сахналарда жарқырауды армандайтынмын. «Мисс Өскемен» байқауы жайлы Instagram әлеуметтік желісінен біліп, бірден өз анкетамды жібердім. 6 тамыз күні ұйымдастырылған кастингтен сүрінбей өтіп, байқау қатысушысы атандым. Бұл мен үшін – жаңа мүмкіндік, жаңа белес. Өмірімнің осындай ерекше кезеңінде өзімді жан-жақты танытып, арман жолында тағы бір қадам жасағаныма қуаныштымын.


- Байқау барысында сіз үшін ең қиын сәт қандай болды? Ал ең есте қалған сәт ше?

- Мен үшін бұл жолда ешқандай қиындықтар болған жоқ. Әрбір туындаған жағдайды сабырмен, жеңіл қабылдап, дұрыс шешім қабылдауға тырыстым. Барлығын өмірлік бір тәжірибе ретінде қарап, әр сәттен өзіме керегін алуға ұмтылдым. Ең есте қалған сәт – басқа қатысушы қыздармен бірге өткізген репетиция кездері. Сол уақыттар – шынайы эмоциялармен, бір-бірімізді қолдаумен, күлкі мен достыққа толы ең керемет әрі ұмытылмас кезең болды. Бірге дайындалып, бір-бірімізге демеу болып, ерекше атмосфера құрдық. Бұл сәттер жүрегімде мәңгі сақталады.

 

- Жеңіске жеткен кезде қандай сезімде болдыңыз?

- Шынымды айтсам, өз есімімді естіген сәтте жүрегім жарылғандай күй кештім. Бұл сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес – толқыныс, қуаныш, таңданыс бәрі бір сәтте қатар келді. Титул иегері атанғаннан кейін алғашқы екі күн бойы өз-өзіме сене алмадым: «Мен шынымен осы тәжге ие болдым ба?» деген ой мазалады.

Алайда көп ұзамай, бұл тек марапат емес, үлкен жауапкершілік екенін түсіндім. Осы титулды абыроймен алып жүру – мен үшін үлкен мәртебе әрі міндет. Сол сәттен бастап, өзіме артылған сенімді ақтау үшін бар күш-жігерімді салып, әрбір қадамымды саналы түрде жасауға бекіндім.

 

- Бұл жеңіс сіздің өміріңізде қандай өзгерістер алып келді?

- Көп уақыт өтпегенімен, өмірімде бірқатар өзгеріс болды. Адамдардың маған деген көзқарасы өзгеріп, қолдау мен қызығушылық артты. Әсіресе Instagram желісінде белсенділік көбейіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Бұл жеңіс менің өміріме тек жағымды әсерін тигізіп, шабыт пен сенім сыйлады.


- Қатысушылардың ішіндегі бәсекелестік пен достық қалай жүрді?

- Байқау барысында ешкімді бәсекелес ретінде қабылдаған жоқпын. Себебі, менің бұл байқауға қатысудағы басты мақсатым – өзімді жаңа қырымнан көрсетіп, өміріме тың өзгерістер енгізу. Бұл – өз-өзімен жұмыс істеудің, даму мен өсуге ұмтылудың ерекше мүмкіндігі болды. Байқауға қатысқан барлық қызбен қарым-қатынасымыз жақсы, әрқайсысы өзіне тән ерекше, талантты жандар. Оларды жақынырақ танығаныма, осындай жарқын адамдармен жолым түйіскеніне шын жүректен қуаныштымын. Бұл байқау маған тек тәжірибе мен жетістік қана емес, сонымен қатар құнды жаңа таныстықтар мен естен кетпес сәттер сыйлады.

 

- Қазылар алқасының алдында өзіңізді қалай ұстадыңыз? Қатты қобалжыдыңыз ба?

- Әрине, сахна артына шықпас бұрын қобалжу болды, бұл қалыпты жағдай. Бірақ көрермен алдына шыққан сәтте бар уайымымды артта қалдырып, өзімді сенімді ұстауға тырыстым. Сол сәтте мен ішкі күшімді сезініп, өзімнің қандай мықты екенімді дәлелдедім. Ең бастысы –сабыр сақтап, сахнада өзімді еркін әрі сенімді түрде көрсете алдым.

 

- Сіздің өмірлік ұстанымыңыз немесе мотивация беретін сөзіңіз бар ма?

- «Лучше сделать и пожалеть, чем жалеть, что не сделал» деген сөз кішкентай кезімнен құлағымда қалып қойған. Сол себепті өмірдің кез келген сәтінде өзімнің ішкі қалауымнан бас тартпаймын. Бұл сөз маған әрдайым алға жылжуға, бір орында тұрмай, жаңа белестерге жетуге көмектеседі.


- Сізге шабыт беретін тұлға немесе қандай да бір оқиға бар ма?

- Менің анам – өмірімдегі ең үлкен тірегім. Оның байсалдығы, кез келген қиын жағдайға шешім таба білуі, әрі өзінің мақсатына жетуге деген қайсарлығы мені ерекше таң қалдырады және шабыттандырады. Анама қарап, мен де қиындықтарға мойымай, мақсатымды нық ұстауды үйрендім. Сонымен қатар, маған тәжді табыстаған «Мисс Қазақстан» Бағым Балтабаеваға ерекше алғысым шексіз. Бағымның сахна алдындағы өзіндік сенімділігі мен таланты халық назарын бірден өзіне аударады. Оның бұл қасиеті маған үлгі болып, мен де сахнада өзімді еркін әрі сенімді ұстай білуге ұмтыламын. Бағымның жігері мен кәсібилігі маған үлкен мотивация сыйлады.

- Күнделікті өмірде қандай істермен айналысқанды ұнатасыз?

- «Қолда бар алтының қадірін біл» деп жатады және мен осы сөзді өмірімде басшылыққа аламын. Күнделікті өмірде ең бастысы – жақындарыммен бірге болған сәттер. Отбасы мен достарымның қасында болу, олардың қолдауын сезіну мен үшін баға жетпес байлық. Сонымен қатар, мен әрдайым өзімді жаңа салаларда сынап көруге тырысамын. Мысалы, спортпен айналысу арқылы денсаулығымды күтіп, шыдамдылық пен төзімділікке үйренемін. Сондай-ақ сұлулық саласында өзін-өзі күтуге, жаңа трендтерді байқап көруге ерекше қызығушылығым бар. Бұл менің өмірімді әртүрлі әрі қызықты етеді, өзін-өзі жетілдіруге ынтамды арттырады. Осылайша, мен өмірдің әр сәтін толыққанды өткізіп, әрқашан даму мен жақсару жолында болуға тырысамын.


- Ендігі алға қойған мақсаттарыңыз қандай? Мысалы, модельдік мансапты жалғастырғыңыз келе ме?

- Иә, әрине, менің мақсаттарым мен армандарым әлі де көп. Алда «Мисс Қазақстан» байқауы күтіп тұр, сондықтан дайындығым қызу басталып кетті. Мұндай республикалық деңгейдегі үлкен сайыс мен үшін ерекше маңызды, әрі мен оған үлкен үмітпен қараймын. Әр қадамымды саналы түрде жоспарлап, барымды салуға дайынмын. Бұл байқау – өзімді көрсетуімнің тағы бір мүмкіндігі, өз қабілетімді шыңдау мен жаңа белестерге жетудің жолы. Үмітім зор, ал сенімім мен жігерім мықты. Барлық күш-қабілетімді осы мақсатқа бағыттай отырып, алдағы уақытта да жарқын жетістіктерге жетемін деп сенемін.

- Қоғамдық немесе қайырымдылық істерге араласу ойыңызда бар ма? Қандай бағытта?

- Студенттік кезімнен бастап волонтерлік іс-шараларға белсене қатысып келемін. Қоғамдық, қайырымдылық бағыттағы кез келген шара болса да, өз үлесімді қосу мен үшін тек міндет емес, сонымен бірге үлкен парыз деп есептедім. Осы арқылы мен қоғамға пайда тигізу, қиын жағдайда жүрген адамдарға көмек көрсету мүмкіндігін жоғалтқым келмеді. Волонтерлік қызмет маған тек тәжірибе жинауға ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарын бойыма сіңіруге септігін тигізді.

 

- «Мисс Өскемен» ретінде қала мен қоғамға қандай үлес қоса аламын деп ойлайсыз?

- Мен экологиялық мәселелерге ерекше мән беріп, осы салада өз үлесімді қосуға тырысамын. Қаламыздың көркейіп, дамуы ең алдымен экологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты деп ойлаймын. Бүгінгі таңда қаламыздың экологиялық ахуалы күннен-күнге жақсарып келе жатқанына қатты қуаныштымын. Бұл әрқайсымыздың жауапкершілігіміз бен белсенділігіміздің нәтижесі. Сондықтан да болашақ ұрпақ үшін таза әрі жайлы орта қалыптастыруға өз үлесімді одан әрі қосуға ниеттімін.

 

- Сіз жеңімпаз атанған кезде ел арасында лайық емес деп айтып жатқандар да болды. Осы жайлы ойыңыз қандай?

- Иә, әрқашан жақсы мен жаман бірге жүреді. Адамдардың ойы әр түрлі, қазіргі заманда оларды «хейтерлер» деп те атайды. Мен хейтерлерге еш мән бермеймін, себебі олардың пікірлері менің ары қарай дамуыма ешқандай кедергі бола алмайды. Керісінше, сын менің жетілуіме және өзіме сенімді болуға көмектеседі.

 

- Жастарға, өзіңіз секілді арман қуып жүрген қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Ең бастысы – өзіңе сену. Басқалардың пікірі маңызды емес, адамның ішкі сенімі мен өзіне деген сенімділігі шынайы жетістікке жетелейді. Армандарға жету үшін еңбек пен тәртіптің маңызы зор, ал әрбір кішкентай қадам үлкен нәтижеге апаратыны сөзсіз. Қателіктен қорқудың қажеті жоқ, өйткені әр қате – бұл жаңа сабақ, даму мен өсу мүмкіндігі. Өз ойыңды ашық айтуға, пікіріңді қорғауға үйрену – әркімге қажетті қасиет. Армандарды ұмытпай, өз бағытын дұрыс таңдау – табыстың басты кілті. Менің ұстанымым – жоғары жетістігімнің негізі.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив