Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжілісте банктер және банк қызметі туралы заң жобасының ілеспе түзетулерін таныстырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
- Қолданыстағы Банктер туралы заң 1995 жылы басқа экономикалық жағдайларда қабылданды. Отыз жыл ішінде оған 140-тан астам рет өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, оның құрылымы мен терминологиясы ескірді және ол банк секторының қазіргі даму үрдістерін, атап айтқанда қаржылық-технологиялық бағытының және қаржылық экожүйелердің қарқынды дамуын көрсетпейді. Банктер туралы заң жобасында банк қызметін реттеудің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, – деді Мәдина Әбілқасымова.
Жаңа заңда банк қызметін реттеудің бес міндеті көзделген:
1) банк жүйесінің жұмыс істеуі үшін құқықтық негіздерді белгілеу;
2) банк қызметіне қатысты реттеу, бақылау және қадағалау;
3) депозиторлардың, өзге де кредиторлар мен клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
4) банктік қызметтер нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге ықпал ету;
5) қаржылық сауаттылық деңгейін және халық үшін банк қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға ықпал ету.
"Банктер туралы" жаңа заң 9 бөлімнен, 23 тараудан, 135 баптан тұрады. Оның құрылымы банктің құрылуы мен лицензия алуынан бастап, реттеу мен таратуға дейінгі қызмет ету циклына сәйкес құрылған. Ілеспе заң жобасында 7 кодекске, 35 заңға түзетулер енгізіледі.
Мәдина Әбілқасымова заң жобалары шеңберінде бірқатар негізгі салаларда жаңа ережелер көзделіп отырғанын баса айтты.
- Бірінші – бәсекелестікті артыру және банк нарығына қолжетімділікті жеңілдету. Шоғырландыруды төмендету және бәсекелестікті дамыту үшін базалық және әмбебап лицензияларды енгізу арқылы банк қызметінің лицензиялауға қойылатын талаптарды ырықтандыру көзделеді. Екінші – инновацияларды қолдау және қаржылық технологиялық бағытты дамыту, – деді агенттік төрағасы.
Пікірлер