A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 10:10 0

Апат көбейді, айып кімнен? Елде жол-көлік оқиғалары салдарынан адам шығыны артты

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Бұл тек Шығыс Қазақстан аумағын емес, республиканы қамтитын тақырып. Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында жол-көлік оқиғалары жиілегені жөнінде ақпарат жиі тарады. Алыс жолда қатты жылдамдықпен келе жатып бір-біріне соғылады, енді бірі рөлге ие болмай аударылып түседі. Қайғылы жағдай туралы ести-ести бұған назар аудармай барамыз ба, қалай? Сенесіздер ме, соңғы аптада іркес-тіркес болған үш жол апатынан 25 адам бақиға аттанды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көп апат күндіз болады

Бірақ бұлар облыс аумағындағы оқиғалар емес. Дегенмен мәліметтер түрлі дереккөзде таралған бойда өңірдегі тәртіп сақшылары да көпшілікке түсіндірме жүргізуді күшейтті. Бұған әлі тоқталатын боламыз. Әзірге жантүршігерлік жол апаттарына үңілейік. Қалай десек те, тағдыр дайындаған «тосын сый» әркез қуанышпен өрілмейді. Темір тұлпармен алаңсыз келе жатып, ойламаған жерде басып озамын деген көлікке соғылады, бірі тәуекел етпеу керектігін түсінсе де, қарсы бетке атып шығады. Осы тақылеттес мысалдар жетіп артылады. Кейде жоғары жылдамдықта жүйткуді жөн көретіндер «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де, кетесің» деген тәмсілді теріс түсінетін сияқты. Керісінше, тау арасындағы бұрылыс пен бұлтарыстарға кіргенде санада бірден сақтық сағым беруі тиіс. Әйтпегенде, бетпе-бет соқтығысу қаупі жоғары. Жуықта ғана Ішкі істер министрлігі өкілдері осыған қатысты ресми ақпаратпен бөлісті.

– Соңғы күндері елішілік жолдарда қоғамды дүр сілкіндірген үш жол-көлік оқиғасы болды. 11-ші қыркүйекте Маңғыстау облысында шағын автобус аударылып, 10 адам көз жұмды. Қырүйектің 14-і күні Жетісу облысында үш көліктің соқтығысуынан тағы 10 адам ажал құшты. Жүргізушінің бірі қарсы жолаққа шығып кеткен. Қарағандыда да дәл осы жағдай салдарынан бес адам оқиға орнында тіл тартпай кетті, – делінген өткен жексенбіде тараған мәліметте.

Ішкі істер министрлігі қайғылы жағдайдан қан жұтқан отбасыларға көңіл айтып, болып жатқандар жай ғана жол-көлік оқиғасы емес екендігін баса айтты.

– Мұның барлығы адам шығыны. Көліктердің соқтығысуын қатардағы оқиға ретінде қарауға болмайды, – деді ІІМ Әкімшілік полиция комиеті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұлов.

Соңғы жылдардағы статистика ел аумағында көліктердің соқтығысып, аударылуын Еуропамен салыстырғанда да өршіп тұрғанын көрсетеді. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми сайтына жүгінсек, жыл басынан бері Қазақстанда 22 501 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға жуық артық. Апат салдарынан 32 мыңнан астам адам зардап шеккен, оның ішінде 1446 адам қаза тапқан. Қайтыс болғандардың қатарында 209 бала бар. Соңғы бес жылдағы мәліметтерге сүйенсек, елде жол-көлік оқиғаларының саны жыл сайын артып келеді.

Жол апатының басым бөлігі жаяу жүргін­шіні қағып кету мен көліктердің соқты­ғысуына тікелей байланысты. Осы жерде тағы да статистиканы сөйлетсек, кей «шумахердің» жылдамдықты шектен тыс асырып жіберетінін аңғару оңай. Бір қызығы, республика аумағындағы көлік апаттарының көп бөлігі күндіз болады екен. Әсіресе, ашық, жауын-шашынсыз, қарсыз, тұмансыз күндері көліктер жиі апатқа ұшы­райды. Ал жоғарыда Ішкі істер министрлігі өкілдері атап өткен үш жағдай бойынша да қылмыстық іс қозғалған.

– Ішкі істер министрлігі зерттеуге кірісті. Өкінішке қарай, қанша тергеу жүргізсек те, қайтыс болған адамдарды қайта өмірге әкелу мүмкін емес, – делінген ведомство ақпарында.

Маңғыстаудағы оқиға қоғамда қызу талқыланып жатқанда, тағы 15 адамның өмірін жалмаған екі оқиғаға тоқтала кетейік. Жоғарыда себебі неден болуы мүмкін деп бірнеше нұсқа ұсынған едік. Жетісу облысындағы жағдайдың себебі мен салдарына үңілейік. Себебі, бұл бағытта Өскеменнен де жолаушылар жиі қатынайды. Тасжол сапасына мін тағу қиын, тақтайдай етіп жөнделген. Демек, тегіс жолдағы трагедияның көбі жүргізушілердің абайсыздығынан болды. Мәселен, Алматы – Өскемен тасжолының 479-шы шақырымында Nissan Cefiro қарсы бетке шығып, алдымен ВАЗ Lada-ға, артынша Chevrolet Cobalt-қа соғылды. Nissan жүргізушісі сол жерде көз жұмды. Lada көлігінде бір адам ажал құшты, екіншісі ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілді. Ал Chevrolet Cobalt-та сегіз адам отырған, ішінде сәби бар – барлығы қайтыс болды.


Трагедияны естіп, тәубеге келді

Іркес-тіркес болған бұл оқиғалардан кейін Қазақстанда қалааралық жолдарға жауапты «Қазавтожол» ұлттық компаниясы да пікір білдірді. Компания арнайы тексеріс жүргізгенін, жол-көлік оқиғасы тіркелген аумақтарда жол жабындысы тегіс болғанын әрі көлік қозғалысына кедергі келтіретін ақаулар анықталмағанын айтты.

– Алматы – Өскемен автожолын жаңғыртуды 2024 жылы толық аяқтап, қолданысқа бергенбіз. Жол сапасы стандартқа сәйкес келеді, жол белгілері мен таңбалары қойылған, жабындысы да стандартқа сай. Қарағанды – Аягөз – Боғас автожолын да орташа жөндеуден өткізгенбіз, жол жабындысы тегіс, жол сапасы жақсы. Соңғы уақытта республикалық жолдардың сапасы артқан сайын жол-көлік оқиғалары көбейгенін байқап отырмыз, себебі жол сапасы жақсарғаннан кейін кей жүргізушілер жылдамдық режимін сақтамай, көлікті қатты айдайды, жолдың қарсы бетіне шығып кетіп жатады, – деді «Қазавтожол» ұлттық компаниясының ресми өкілі Сәкен Ділдахмет.

Осындай жайт үздіксіз жалғасуын болдырмас үшін не істеу керек? Трагедияны естіп, тәубесіне келген жүргізушілердің кейбірі әлеуметтік желілерде пікір білдіріп жатты.

– Жылдамдықты асырмау керек. Біздің жолдардың бәрі нашар ғой негізі, қатты жүруге арналмаған, күре тасжолдың өзінде қатты жүрсең, ұшып кетесің шетке, – дейді 15 жыл көлемінде жолаушы тасымалдап жүрген Марат есімді жүргізуші.

Кейбірі күндіз де, түнде де жолға жүгіріп шыққан малдан, жабайы жануарлардан көреді. Ол да бар. Қазір осы бойынша Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті мен полиция басқармасы басшылығы жедел-алдын алу шараларын күшейтті. Облыстық Полиция департаменті мәліметінше, жыл басталғалы өңірде 850-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді.

– Соның салдарынан 37 адам қаза болып, 1200-ден астамы түрлі жарақат алды. Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жылдамдықты асыру, қашықтықты сақтамау, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өтіп кету, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелдерінде қырағылықты жоғалтып алу сияқты жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудан болып жатыр, – делінген Департамент мәліметінде.

Жауапты тұлғалар сөзінше, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аймақтағы тәртіп сақшылары кешенді шараларды жалғастыруда. Күн сайын рейдтер өткізіліп, апаттық-қауіпті учаскелерде қосымша патрульдер қойылады, бейнебақылау камералары мен құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу құралдары қолданылатын көрінеді.

Қазір Өскемен – Риддер аралығындағы тасжолда жөндеу әлі жалғасып жатыр. Қаланың өзінде де тіршілік қайнап жатыр. Не дегенмен 50 мыңға тарта адам бар, көпшілік зауытта еңбектенеді. Әлеуетті қала. Бірі сауда, бірі нәпақа табуға асықса, спорттық және мәдени шараларға асығатындар бар. Бірақ жолдағы келеңсіз жайттар да аз емес. Қырағылық қыр асса, қатер бұлты лезде үйіріледі. Мәселен биыл тамыздың 13-і күні жедел жәрдем көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Чапаев және Бухмейр көшелерінің қиылысында болған. Дәрігерлер ГАЗ А31R23 автокөлігімен келе жатқан, жол апатына сондай-ақ Lexus маркалы көлік те қатысты болды.

– «ГАЗ жүргізушісі маневрдің қауіпсіздігіне көз жеткізбей, қарсы бағыттағы жолаққа шығып, солға бұрылуын аяқтап келе жатқан Lexus көлігімен соқтығысқан. Соққыдан кейін Lexus инерциямен жол белгісіне соғылған», – деген болатын құқық қорғау органы өкілдері.

Қуанышқа орай, зардап шеккендер жоқ. Бірақ тура бір аптадан соң адам шығыны тіркелді. Секисовка ауылына таяғанда SUZUKI мен ВАЗ автокөліктерінің қатысуымен болған жол-көлік апаты ВАЗ жүргізушісі өлім құшты. Полиция бірден алдын ала тергеуді бастады.

Сайып келгенде жылдамдықты асыру, жолдың нашарлығы, адамды қағып кету сияқты жағдайлар бар кеселдің бастауы. Ескертуді елемей, ессіздікке басатындар азаймаса, өлім-жітім көбейе түсері анық. Сол ессікздік пен бейқамдықтан бүгінде біршама отбасы қайғыдан қара жамылып отыр.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив