
Жабырқатқан жарық: Герасимовка ауылындағы электр жарығы мәселесі: «БЭСК» АҚ жауап берді
Герасимовка – Ұлан ауданына қарасты ауыл. Қазіргі таңда бұл жерде электр жарығының тұрақсыздығы тұрғындар үшін аса өзекті мәселе болып отыр. Газетіміздің №103 санында осы тақырыпқа арнайы материал жариялаған едік, , деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Газетіміздің алдыңғы санында біз тұрғындардың шағымдары мен әкімдіктің жауабын жариялаған болатынбыз. Тұрғындар жарықтың жиі сөнуі Герасимовкада қалыпты жағдайға айналып барады деп шағымданса, әкімдік бұл мәселеге «БЭСК» АҚ жауап беретінін хабарлаған еді.
Редакциямыздың электр жарығының жиі сөніп қалуы туралы ресми сауалхатына «БЭСК» АҚ өкілдері жауап берді. Компания жауабында ауылдағы жарықтың үзілуінің негізгі себептері мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы нақты ақпарат берілген.
«БЭСК» АҚ хабарлауынша, Герасимовка ауылында көктем мен жаз мезгілдерінде электр қуатының үзілуі негізінен ауа райының қолайсыздығымен байланысты – найзағай түсу, қатты жел мен нөсер жаңбырдың салдарынан электр желілері зақымдалады. Осыған орай компания арнайы техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Қазіргі уақытта Ұлан ауданының Герасимовка ауылында электр беру желілеріне ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 10/0,4 кВ әуе желілерінің қорғау аймағында «Электр қондырғыларын пайдалану ережесіне» (ПУЭ) сәйкес электр желілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ағаш бұтақтары кесілуде, – делінген «БЭСК» АҚ-ның ресми жауабында.
Алайда, биіктігі 25–30 метрден асатын ағаштарға күтім жасау және оларды толықтай кесу – «БЭСК» АҚ-ның құзыретіне кірмейді.
– Осыған байланысты аталған мәселе тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жолданды. Біз жауапты мемлекеттік мекемелерден көрсетілген ағаштарды кесу мәселесін қарастырып, тиісті шаралар қабылдауды сұрадық, – деп толықтырылған ресми жауапта атап өтілген.
Алайда, газеттің №103 саны шыққаннан кейін 3 күн өткен соң редакциямызға Герасимовка тұрғыны хабарласып, жарықтың тағы да өшкенін, күзде жағдайдың одан әрі қиындайтынын жеткізді.
– Міне, жарық кеше тағы өшті. Бұл мәселе қашанға дейін жалғасады екен? Біз нақты жауап пен электрдің тұрақтылығын күтеміз, – деді Аяулым есімді ауыл тұрғыны.
Редакциямыз «БЭСК» АҚ-ның берген мәліметтерін әрі қарай мұқият бақылауда ұстап, Герасимовка ауылындағы электр жарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесі толық шешілгенше тұрғындарға қажетті ақпаратты беруді жалғастырады.
***
Оны айтамыз. Өскемегннің өзінде жарық мәселесі әлі өзекті. Әсіресе, шет жақтағы ықшам аудандарда бұл жағы реттелмей-ақ қойды. Айталық, биыл маусым айының соңында шаһар тұрғындары Славский жағалауындағы шамдардың істен шығуына байланысты топтаса шағымданды. Кешкі уақытта танымал демалыс орнының (Ғашықтар аллеясы) бір бөлігі қараңғылық құрсауында қалды. Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштен Даңқ мемориалына дейінгі аралықта жарық шамдары жанбады бірнеше күн бойы. Соны әлеуметтік желіде мұны жан-жақтан жазды.
Сосын қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі өкілдері мәселенің себебі электр желісіндегі ақаудан болғанын айтты.
– Славский жағалауы бойындағы көше шамдарына тексеріс жүргізілді. Өзен вокзалынан Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке дейінгі аралықта жарықтандыру жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Ал «стрелкадан» ескерткішке дейінгі бөлікте жарықтандыру ішінара жоқ. Қазіргі уақытта ақауларды анықтау және жою жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу аяқталған соң жарық толықтай қалпына келтіріледі, – деп мәлімдеді бөлім мамандары.
Қысқасы, жарық мәселесіне шенеуніктер әлі де жеткілікті мөлшерде мән бермей келеді.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер