A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 10:40 0

Тәттіден табыс тапқан: Алматылық Райхан Арипбаева – табандылықтың үлгісіне айналған кәсіпкер

Бүгін / ШҚО / Сұхбат

«Кәсібі бардың нәсібі бар» дегендей, өз кәсібін тауып, табысқа жеткендер аз емес. Алайда тәтті тағамдар сататын кондитерлік дүкен ашу барлығына қолжетімді іс дей алмаймыз. Бұл салада нағыз шебер болу үшін үлкен қажыр-қайрат пен табандылық қажет. Осындай табанды әрі жауапкершілігі мол кәсіпкерлердің бірі – «Raya Caramel» кондитерлік дүкенінің иесі Райхан Арипбаева. Ол өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен шығармашылығын арнай отырып, кәсібін дамыту жолында талмай еңбек етіп келеді. Райхан ханым бізге кәсіптің қиындығы мен қызығы, өз жолындағы белестері мен ізденістері, сондай-ақ болашаққа қойған армандары туралы айтып берген болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

- Өзіңіз қай жердің тумасысыз? Бұл кәсіппен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

- Мен Алматы облысы, Талғар ауданының тумасымын. Бұл кәсіппен айналысқаныма алты жыл болды. Алғашқы қадамдарымды 2018-2019 жылдары жасап, сол уақытта өз кәсібімді аштым. Содан бері осы салада үнемі ізденіп, тәжірибе жинақтап келемін. Уақыт өте келе кәсібім дамып, тұрақты клиенттерім қалыптасты. Бүгінде бұл іс менің негізгі табыс көзіме айналды.

 

- Кондитерлік бизнесті бастау идеясы қайдан келді?

- 3-ші балама декреттік демалысымда отырғанда, осы кәсіпті бастау туралы ой келді. Бастапқыда жай хобби ретінде айналысып жүрдім. Уақытымды пайдалы әрі шығармашылықпен өткізгім келді. Біртіндеп, жасаған өнімдерім көңілімнен шыға бастады. Инстаграмға алғашқы жұмыстарымды бөлісе бастаған кезде, күтпеген жерден жылы пікірлер мен алғашқы тапсырыстар түсті. Осылайша, жай ғана әуестікпен басталған ісім біртіндеп сүйікті ісіме, кейін өз кәсібіме айналды.

- Кәсіпті бастағанда қандай қиындықтар болды және оны қалай жеңдіңіз?

- Әрине, кез келген істің басында қиындықтар кезігеді. Мен үшін ең бірінші кедергі сол, қаражат мәселесі болды. Кондитерлік кәсіпті бастау үшін біраз қаржы қажет екені белгілі. Қарапайым құрал-жабдықтардан бастап, арнайы техника, пеш, миксер сияқты құрылғыларды алу оңайға соқпады. Бірден бәрін алып кету мүмкін болмады. Сол себепті біртіндеп, барынша үнемдеп, қажетті нәрселерді ретімен жинауға тура келді. Екінші үлкен қиындық – тәжірибе тапшылығы. Бұл саланы жаңадан бастадым, сондықтан алғашқы тапсырыстарды орындау оңай болған жоқ. Қателіктер де кетті, уақытпен де күрестім. Бірақ әр сәтсіздіктен сабақ алып, үздіксіз үйреніп, өзімді шыңдауға тырыстым. Уақыт өте келе қолым да жаттықты, сенім де арта бастады. Бастысы, берілмей, алға ұмтылу екеніне көзім жетті.

 

- Кәсіп бастауға қанша қаражат кетті?

- Оны нақты айта алмаймын. Кондитерлік істі бастау үшін қажетті құрал-жабдықтар, техника сатып алу арзанға түспейді. Бірақ мен бәрін бірден сатып ала алған жоқпын. Ақырындап, табысымның бір бөлігін жинап, ең керектілерін біртіндеп ала бастадым. Жаңа бір техника алған сайын қуанып, алға жылжып жатқанымды сезетінмін. Дегенмен, жалпы алғанда, аз ақша кеткен жоқ, бұл кәсіпке шын мәнінде қаржы салуға дайын болу керек екен.

- Дүкеннің атауы қалай пайда болды? Өзіңіз ойлап таптыңыз ба?

- Дүкенімнің атауын өзім ойлап таптым. Бастапқыда атым – Райхан болғандықтан, соны тікелей қолданғым келді. Бірақ кейінірек ойланып, заман талабына сай, ерекше әрі есте қаларлық атау болғанын қаладым. Сол себепті есімімді қысқартып, "Рая" түрінде қолдануды жөн көрдім – әрі нәзік, әрі жылы естіледі. Ал кондитерлік бағытты білдіру үшін оған "карамель" сөзін қостым. Осылайша, «Raya Caramel» атауы дүниеге келді. Бұл атау мен үшін жай ғана бренд емес, өзімнің тарихым, еңбегім, және жүрегіммен жасаған кәсібімнің символы.

 

- Әйел ретінде кәсіпкер болу қандай жауапкершілік пен артықшылықтар береді?

- Көпшілігі әйел адамға кәсіп бастау қиын деп ойлайды. Бірақ менің тәжірибемде керісінше болды. Әйел ретінде кәсіпкер болу – мен үшін үлкен мүмкіндік, өсу мен даму жолына айналды. Әрине, жауапкершілік те, уақыт жағынан қиындықтар да болады. Бірақ кәсіп бастау маған өз мүмкіндіктерімді ашуға, ішкі потенциалымды көруге және өзімді басқа қырынан тануға жол ашты. Кәсіп тек табыс табу жолы ғана емес, сонымен қатар өз арманыңды жүзеге асыру, шабыт алу және өзіңе сенімді болудың бір тәсілі. Әйел адам үшін бұл – үлкен мотивация, дамуға, тәуелсіз болуға және қоғамда өз орныңды табуға жасалған қадам деп білемін.

 

- Әлеуметтік желілер бизнесіңізге қаншалықты әсер етеді?

- Әлеуметтік желілердің ішінде менің кәсібіме 100% қолдау көрсеткен – Instagram. Бастапқыда хобби ретінде жасаған өнімдерімді осы платформада бөлісе бастадым. Біртіндеп қызығушылық танытқандар көбейіп, алғашқы клиенттер де Instagram арқылы келді. Қазіргі тұрақты клиенттерімнің басым бөлігі осы әлеуметтік желі арқылы мені тапқандар.

 

- Қандай өнімдер ең көп сатылады?

- Қазіргі таңда бізде сұранысқа ие десерт түрлері өте көп. Әсіресе түрлі пирогтар мен торттарға қызығушылық жоғары. Сонымен қатар, дайындалған шай үстелі де тапсырыс берушілер арасында үлкен сұранысқа ие. Той, туған күн, қыз ұзату сияқты шараларға жиі дайындалады. Торттар арасынан ерекше атап өтерлігі – «Сүт қызы» және «Сникерс». Бұл екеуі – тұрақты клиенттеріміздің сүйікті таңдауы. «Сүт қызы» торты өзінің жұмсақ құрылымы мен нәзік дәмімен ерекшеленсе, «Сникерс» торты – жаңғақ, карамель мен шоколадтың үйлесімін ұнататындар үшін таптырмас тәтті.

 

- Жаңа өнім түрлерін шығарғыңыз келе ме?

- Әрине, жаңа өнімдер туралы ой әрқашан бар. Себебі кез келген кәсіпке жаңашылдық пен ерекшелік керек. Жаңадан енгізілген тәттілер мен ерекше ұсыныстар дүкенімізге жаңа тыныс береді, клиенттердің қызығушылығын оятады. Сондықтан дәмі де, сыртқы көрінісі де ерекше, есте қаларлық десерттер ұсынуға тырысамын.

 

- Кондитер болу үшін тәттіні жақсы көру керек пе әлде жақсы әзірлей алу керек пе?

- Бұл кәсіпте ең бастысы – тәттіні, кондитерлік өнерді шын жүректен жақсы көру. Егер сен бұл істі шынайы сүйсең, онда қолыңнан әзірлеу де, жаңа нәрселерді үйрену де, өзіңді жетілдіру де оңай болады. Махаббат пен ынта әр өнімге ерекше дәм мен ерекше сезім береді.

- Тапсырыстар қай кезде көбейеді?

- Жаз айлары біз үшін ең белсенді маусым. Бұл кезде тойлар мен мерекелер көп өтеді, сондықтан тапсырыстар саны да артады. Тәттілеріміз ойдағыдай шықса, клиенттеріміздің қуанышы еселене түседі. Жазғы уақытта ерекше дизайндары мен дәмдері бар десерттерге сұраныс жоғарылайды, сол себепті біз әрдайым сапа мен шеберлікті жоғалтпай, барынша еңбек етеміз.

- Айына қанша тапсырыс орындайсыздар?

- Нақты айта алмаймын. Әр кезде әртүрлі. Бізге тапсырыстар әртүрлі жолдармен келеді және сол келген тапсырысты бірден орындап, уақтылы тапсырып отырамыз. Клиенттердің қажеттілігін бірінші орынға қойып, әрбір өтінішті жедел әрі сапалы орындау басты қағидаларымыздың бірі.

 

- Есте қалған қызықты оқиға болса бөлісе кетсеңіз.

- Негізі қызықты оқиғалар өте көп. Соның ішінде ең есте қалған біреуімен бөлісе кетейін. Бір күні екі клиент бір уақытта тортқа тапсырыс берді. Тапсырыстарды жасап, торттарды дайындап қойдым. Бірінші клиент тортын алып кетті, соңғы клиент те келіп, өз тортын алды. Аралары 3-5 минуттай ғана еді. Біраздан кейін бірінші клиент маған хабарласып, алған торт оның тапсырысы емес екенін айтты. Торттары ауысып кеткен екен. Екінші клиент қала сыртында тұрады, дүкенге қайта бару үшін 30 минут жол жүруі керек екенін айтты. Мен бірінші клиентке жағдайды түсіндірдім, ол кісі түсіністікпен қарап, күтетінін айтты. Кейін екеуі қайта келіп, торттарын ауыстырып алды. Абырой болғанда ешқандай ұрыс-керіссіз бәрі жақсы шешілді.

- Білуімізше, тойдың шай үстелін де жасайды екенсіз, кондитерлік дүкенді басқарумен қатар той үстелін жасауды қатар алып жүру қиын ба?

- Қиын деп айта алмаймын, егер шынымен қаласаң, бәріне үлгеруге болады. Тойлардың шай үстеліне де торт, пирог, түрлі тәттілер қойылады. Сондықтан тапсырыс көп болғанымен, жоспарлы жұмыс істеп, уақытты дұрыс бөлсең, бәрін уақытында істеп үлгере аласың.

 

- Өз салаңызда кімнен немесе неден шабыт аласыз?

- Бұл жұмыста мен шабытты клиенттердің сұранысы мен пікірлерінен аламын. Клиенттердің қажеттіліктері мен ой-пікірлерін мұқият тыңдау арқылы олардың талабын түсініп, шығармашылық шешімдерге жол ашамын. Қанағаттанған клиенттердің кері байланысы мен ұсыныстары менің жұмыс сапамды жақсартып, жаңа идеялар мен мүмкіндіктерге шабыт береді. Осылайша, клиенттердің пікірлері мен сұраныстары шығармашылық процесімді үздіксіз дамытуға және жетілдіруге ықпал етеді.

- Алдағы уақытта дүкенді кеңейту, дайындалатын өнім түрлерін молайту жоспарда бар ма?

- Менің мақсатым – алдымен Өскемен қаласында 3-4 дүкен ашу арқылы өз брендімді кеңейту. Сонымен қатар, тек Өскеменмен шектелмей, еліміздің басқа қалаларында да филиалдарымды ашып, қызмет ауқымымды арттырғым келеді. Бұл арқылы мен өз өнімдерім мен қызметімді кеңінен таныстырып, тұтынушылар базасын ұлғайтуға ұмтыламын.

- Кәсіп ашқысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Ең бірінші – өз салаңды шын жүректен сүю керек. Екінші – өзіңе сенімді болу маңызды. Үшінші – ешқашан қорықпау қажет. Егер өз ісіңді сүйіп, оған адал болсаң, міндетті түрде нәтижеге жетуге болады. Бұл жолда табандылық пен шыдамдылық аса қажет, себебі қиындықтар кездескенде оларды жеңе білмейінше, алға басу қиын.


Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив