Облыс орталығындағы тұрғын үй қоры мен әлеуметтік мекемелерде жылу маусымына дайындық жұмыстары аяқталуда. Дегенмен «Шығыс Жылу» АҚ мәліметінше, кейбір ғимараттар әлі техникалық тексеруден өтпеген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
16 қыркүйектегі жағдай бойынша қаланың жылу желілеріне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің дайындық деңгейі 82,67 пайызды құрады. Өскеменде 1784 үй болса, оның 256-сы әлі тексерілмеді.
- Кешігудің негізгі себептері білікті кадрлардың жетіспеушілігі, жөндеу жұмыстарының сапасыздығы, жыл сайынғы техникалық қызмет көрсетудің жеткіліксіздігі, - деді «Шығыс Жылу» АҚ өндірістік дайындық департаментінің директоры Марат Нұрғазин.
Бұдан бөлек, қаладағы әлеуметтік мекемелердің 45 пайызы ғана жылу маусымына дайын. Қырық үш нысанда дайындық жоқ.
Марат Нұрғазиннің сөзінше, жылу беру уақыты ауа райына байланысты.
- Өскеменде жылыту маусымының басталуы болжамдық және нақты сыртқы ауа температурасына байланысты анықталады. Әлеуметтік нысандар техникалық дайындығы мен берілген өтінімдер бойынша қосылады. Пайдалануға дайын тұрғын үйлер бұйрық шыққаннан кейін кестеге сәйкес қосылады, - дейді ол.
Айта кетейік, тұрғындар процесті өздері де бақылай алады. Ол үшін ukteplo.kz сайтына кіріп, «Тұтынушылар – жылу беру маусымына дайындық» бөлімін таңдау керек. Ақпаратты жеке кабинетте де, мобильді қосымшада да алуға болады.
Пікірлер