Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің 70 жылдық мерейтойына арналған музыка кеші ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мұнда 70 жылдық мерейтой аясында жыл бойы түрлі мәдени іс-шара жоспарланған. Мерейтойлық жиынның жалғасы ретінде колледждің 2023 жылғы түлектері, қазір Германиядағы “Вестфаль” жоғары музыка мектебінде білім алып жүрген Жанель Агзамова мен Шынар Мұрат «Ғасырлар биі» атты фортепианода ойнап, көпті таң-тамаша етті.
Бағдарлама Франц Шуберт, Йоганн Себастьян Бах, Эдвард Григ, Антонин Дворжак, Йоганнес Брамс, Сергей Рахманинов және Петр Чайковскийдің туындыларын қамтыды. Әр шығарма барокко дәуірінің үйлесімінен бастап романтизм мен ұлттық әуендердің көркемдік палитрасын паш етті.
– Шетелде музыкалық білім алу оңай емес, үлкен жауапкершілік пен қолдау қажет. Бүгінгі кеш – біздің ұстаздарымызға, туған оқу орнымызға арналған шағын сыйлығымыз, – деді Жанель Агзамова.
Айта кетейік, бүгінде Шығыс Қазақстан өнер училищесі өңірдің ғана емес, елдің мәдени келбетін қалыптастыруға үлес қосып, болашақ музыканттар мен өнер иелерінің жолын ашуда.
Училище директоры Альмира Дюсупованың түлектеріне зор алғыс білдірді.
– Біздің оқушыларымыз Қазақстанда ғана емес, шетелде де табысты еңбек етіп жүр. Біз үшін үлкен жетістік. Бұл –оқу орнымыздағы білім беру сапасы мен оқытушылардың кәсібилігінің айқын дәлелі, – деді ол.
Пікірлер