Аталған шараны облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы және ауыл партиясы бірлесе ұйымдастырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Дебат өткізудегі басты мақсат – көпшілікке Конституцияның маңызын жеткізіп, заңдық нормаларды жаңа көзқараста талдау, жастардың құқықтық мемлекет құру ісіне белсене атсалысуына мүмкіндік беру. Турнир алдында қатысушыларға кітапхананың «Ата заңымыз және Қазақ әдебиетіндегі таңдаулы 100 кітап» атты көрмесіне шолу жасалды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға арналған үндеуіндегі адал еңбек, білім және патриотизм туралы тағылымды тұжырымдамалары айтылып, Жастар қанаты жүзеге асырып жатқан тиімді жобалар таныстырылды.
Жарыс барысында республикалық деңгейдегі тәжірибелі дебат ойыншылары аға буын ретінде сөз алып, «Дебат бізге не берді? Қандай жетістікке жеткізді және сыни ойлауды қаншалықты дамытады?» деген сауалдарға өз тәжірибелері арқылы жауап берді.
- Жарысқа Өскемендегі жоғары оқу орындары мен колледждердің 12 командасы қатысып, ақтық финалға шығу үшін үш іріктеу кезеңінен өтуде. Тақырыптар қоғамдағы өзгерістерді қамтыды, - деді жарыс ұйымдастырушысы Ернат Нұржанұлы.
Айта кетейік, жеңімпаздарға арнайы дайындалған сыйлықтар мен кубоктар табысталды. Сонымен қатар қатысушылар республикалық деңгейдегі тәжірибелі дебат ойыншыларынан пайдалы кеңес алып, өзара тәжірибе алмасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир алдыңғы жарыстарға қарағанда ауқымы мен мазмұны жағынан жоғары деңгейде өтті.
Пікірлер